Фейк: «Жасанды жұмыртқаларды табиғи жұмыртқа деп ұсынуда»
Қазнетте қолдан жұмыртқа жасап жатқан бірнеше әйелдің видеосы тағы да таралуда. Пайдаланушылардың пікірінше, болашақта оны табиғи жұмыртқа деп сатылымға шығарады. Бұл фейк.
Видеоның интернетте жүргеніне шамамен 6 жыл болды. Ол алдымен қытайлық веб-ресурстарда 2017 жылдың наурызында шыққан. Жалған жұмыртқалар азық-түлік базарларына жеткізілмек болды деген қауесет бар.
Қытайлық фактчекерлер бұл жұмыртқалардың қайдан шыққанын және не үшін өндірілетінін анықтады. Нанкиннің Қоғамдық қауіпсіздік бюросы тұтынушыларға бұл табиғи жұмыртқаға ұқсас ойыншықтар екенін түсіндірді. Олар балаларға арналған, бірақ ересектерді де таң қалдыруға болады.
Ойыншықтар сол жылы танымал қытайлық маркетплейстерде сатыла бастады. Кейін басқа интернет-дүкендерге шығарылды. Мысалы, ойыншық жұмыртқаны Amazon-нан сатып алуға болады.
Пластик жұмыртқаларды табиғи өнім деп сату туралы фейк ақпарат бір жылдан кейін Үндістанға жетті. Жергілікті азық-түлік қауіпсіздігі және стандарттар басқармасы 2018 жылдың тамызында арнайы нұсқаулық шығаруға мәжбүр болды. Ведомство өкілдері ел тұрғындарына қазіргі таңда табиғи өнімге ұқсас жасанды жұмыртқа өндіру технологиясы жоқ екенін түсіндірді. Оның үстіне, пластик жұмыртқаның құны әдеттегіден жоғары болар еді. Әйтпесе, бұл өндірушіге тиімсіз болар еді.