Талдау

Дәлелсіз: «Чипстер мен фри картобы қатерлі ісіктің пайда болуына әкеледі»

Instagram-да чипстер мен фри картобының зияны туралы видео тарады. Танымал тағамдарда онкологиялық аурудың даму қаупін арттыратын акриламид заты бар екен. Бұл рас па? Анықтайық.


Акриломид химиялық қосылысы тек тамақ өнімдерінде ғана емес, сонымен қатар кофе, темекі түтіні, косметика құрамында, тұрмыстық химия, тоқыма және басқа да өнеркәсіпте кездеседі. Бұл қаптамада көрсетілетін қоспа немесе ингредиент емес. Өнімдерде акриломид булары жоғары температураның әсерінен пайда болады. Сырттай түсі мен дәмі жоқ кристалды қатты заттар.
Тамақ өнімдерінде акриломид болатыны туралы 2002 жылдың сәуірінде айтыла бастады. Швецияның Ұлттық азық-түлік агенттігі шығарған баспасөз хабарламасында «қуырылған, пеште пісірілген картоп пен дәнді дақылдарда акриламид жоғары деңгейде болады» деп жазылды. Бұл «адам үшін ықтимал канцероген» деген болжам жасалды.
Акриломидті өнеркәсіптік қолдану көбейген кезде ғалымдар осы затпен көп жұмыс істейтін жұмысшыларға назар аударды. Адамдар мен жануарларды бақылау барысында бұл химиялық қосылыстың буымен тыныс алу неврологиялық бұзылуларға әкелетіні анықталды. Акриломидтің жоғары реакциялық қабілетіне байланысты бұлшықет әлсіздігі, сананың шатасуы, үйлестірудің бұзылуы, галлюцинация пайда болады. 8 мың жұмысшы қатысқан зерттеу жүргізілді. Ол акриломидтің уыттылығын растады, бірақ оның салдарынан қатерлі ісік аурумен сырқаттанушылық жоғарылағанын көрсетпеді.
Ұлыбританияда ғалымдар зерттеу жүргізіп, оны 2003 жылы жариялады. Британдықтардың пікірінше, тағамдағы акриломид деңгейі тым төмен, сондықтан қатерлі ісіктің дамуына әкелмейді. Сонымен қатар ғалымдардың сөзінше, ағза химиялық затты басып тастай алады.
Көптеген зерттеулер өнімдердегі акриломид қатерлі ісіктің даму қаупін арттыратынын дәлелдей алмады. Осыған қарамастан, 2010 жылы ФАО/ДДҰ-ның Тағамдық қоспалар жөніндегі бірлескен сараптама комитеті мынадай қорытынды жасады: акриламид адамдар үшін қауіпті, сондықтан оны зерттеуді жалғастыру қажет.
Әзірге акриломидтің тағам құрамында қаншалықты канцерогенді екендігі нақты анықталған бірде-бір ғылыми жарияланым жоқ. Сынақ кезінде ол көп мөлшерде егеуқұйрықтар мен тышқандарда қатерлі ісік ауруын тудырады. Бірақ термиялық өңделген тағамдарды тұтынатын адамға әсері әлі де белгісіз. Бүгінгі күні акриламидтің улы әсері оның тағамдағы концентрациясы едәуір жоғары болғанда байқалды.
Америкалық онкология қоғамы қатерлі ісік тудыратын қандай да бір тағамның бар екеніне күмән келтіреді. Дегенмен, дәрігерлер аз өңделген өнімдерді жеуге кеңес береді.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button