Жалған: «Қызылша қауіпті ауру емес»
Әлеуметтік желілерде қызылша қауіпті ауру емес деп жазылуда. Бұл өтірік.
Шын мәнінде, қызылша — бұл өте жұқпалы, ауыр асқынулар мен өлімге әкелуі ықтимал вирус тудыратын ауа тамшылары арқылы таралатын ауыр ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина енгізіліп, барлық жерде вакцинация басталмайынша ірі эпидемиялар шамамен екі-үш жылда бір рет болып тұрған, жыл сайын шамамен 2,6 миллион адам көз жұмған. ДДСҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша, әлемде 9 миллион адам ауру жұқтырған, ал қайтыс болғандар саны – 136000 адам, олардың көбі балалар.
Қызылшадан болатын өлім-жітімнің басым бөлігі осы аурумен байланысты асқынулардың салдарынан болады.
Асқынулар соқырлық, энцефалит (мидың ісінуін және мидың ықтимал зақымдануын тудыратын инфекция), ауыр диарея және онымен байланысты ағзаның сусыздануы, құлақ инфекциясы, тыныс алудың ауыр проблемалары, соның ішінде пневмония түрінде болуы мүмкін.
Пневмония – ерте жастағы балалар арасында қызылшадан болатын өлімнің ең көп тараған себебі.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтері бойынша, қызылшамен ауыратын әрбір 1000 баланың шамамен біреуінде энцефалит (мидың ісінуі) дамиды, бұл құрысуларға, кереңдікке немесе ақыл-ой кемістігіне әкелуі мүмкін. Қызылшаны жұқтырған әрбір 1000 баланың 1-3 тыныс алу және неврологиялық асқынулардан қайтыс болады.
Егер жүкті әйел қызылша жұқтырса, бұл ол үшін қауіпті және нәресте салмағы аз болып мерзімінен бұрын тууы ықтимал.
Асқынулар көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда және 30-дан асқан ересектерде кездеседі. Қызылша иммундық жүйені төмендетіп, ағзаның инфекциялардан қорғану қабілетін азайтады, нәтижесінде балалар әлсіз болады.
Қызылша жұқтырған бір адам байланыста болған егілмеген 10 адамның тоғызына жұқтыруы мүмкін. Науқас адам вирусты бөртпе пайда болғанға дейін төрт күннен бөртпе шыққанан кейін төрт күн аралығында ауру таратады.
Демек, ресми статистика қызылша қауіпті ауру емес деген пікірді жоққа шығарады. Таралған ақпарат шындыққа жанаспайды.