Жалған: «Pfizer вакцинасынан егілген адамдарда онкология тудыратын SV40 табылды»
Әлеуметтік желілерде Pfizer вакцинасы қатерлі ісіктің дамуына әсер ететіні туралы ақпарат тарады. Онда онкологияның дамуына әкелетін SV40 генінің белгілі бір тізбегі бар екен. Бұл жалған.
COVID-19 қарсы вакцинадан Simian virus 40 вирусы табылды деген ақпарат әлеуметтік желілерде 2023 жылы жазда тараған. 1955-1963 жылдары маймыл полиомавирусының бұл түрі (macaca mulatta polyomavirus 1) екпеге қатысты үлкен даудың шығуына себеп болған еді. Ол АҚШ-та полиомиелитке қарсы вакциналардың үлкен партиясынан анықталды, сөйтіп бүкіл әлемге тараған. Сол кезде SV40 вирусы адамда онкологиялық аурулар, соның ішінде ми, сүйек, лимфома тудыруы ықтимал делінген. Бірақ ондаған жылдар бойы, осы күнге дейін бұл күдік расталмады. Оны АҚШ Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрлігінің Ұлттық онкологиялық институты жоққа шығарды. Оның хабарлауынша, көптеген зерттеулерден кейін вирутыңс препарат жасау үшін негіз ретінде қолданылған жасыл маймылдардың бүйректерінен алынған жасушалардан вакцинаға түскені анықталды. Бірақ мұның салдарынан адамдарда қатерлі ісік пайда болатыны расталған жоқ.
Бұл вирусты ісіктердің өзінен де анықтау әрекеттері болды. Алайда, SV40-тың онкологияның дамуына әсері де науқастарда расталмады.
Сондай-ақ, SV40 маймыл вирусының Pfizer вакциналарынан табылғанына да дәлелдер жоқ. Мұндай пікірлердің барлығы дәлелсіз.
Сонымен қатар, COVID-19 қарсы вакциналар мен қатерлі ісіктің арасында ешқандай байланыс жоқ. Мұндай қауесеттерді фактчекерлер мен ғалымдар бірнеше рет жоққа шығарды.
Демек, Pfizer вакциналары SV40 маймыл вирусының болуына байланысты қатерлі ісік тудыруы ықтимал және егілген адамдарда онкологияның шығуына ықпал етеді деген пікір негізсіз.