Фейк: «Тынық мұхитында адамдардан жасырылған алып қабырға бар»
Әлеуметтік желілерде Тынық мұхитында алып қабырға мен бекіністер табылғандығы туралы жазылды. Мұның бәрі Google Earth бағдарламасының көмегімен көрінген, бірақ қабырғаны зерттеуге ешкімге рұқсат берілмей отыр, ал оны кездейсоқ көріп қалған дайверлерге фотосуреттер мен видеолардың бәрін өшіргізеді екен. Мұның бәрі жалған.
Тынық мұхитының түбінде салынған алып қабырға туралы хабарламалар Желіде 2018 жылдың ақпанында шыққан. Пайдаланушылар адамдар планетамыздың кез келген жеріне виртуалды саяхат жасай алатындай етіп спутниктерден жердің видеосын түсіріп, жинап, «біріктіретін» бағдарлама Google Earth жүйесінде жұмбақ құрылымды байқаған.
Мамандар бұл «жаңалыққа» бірден назар аударды. Бірақ олар конспирологтардың пікірімен келіспейді. Сарапшылар түсіндіргендей, карталардағы «қабырға» – спутниктен түсірілген жабыстырылған екі сурет. Бұл сызық демаркациялық сызықтың бойымен өтеді. Бұл қатар екі күнтізбелік күнді бөлуге арналған Солтүстік полюстен Оңтүстікке дейінгі ойдан шығарылған сызық.
Сонымен қатар сарапшылар пайдаланушылардың көзіне түскен «сызық» Жердің шар тәрізді бетін жазықтыққа түсірудің нәтижесінде пайда болған деп түсіндірді.
«Сыйлықты орап жатып, қабаттарды жабу үшін дұрыс кеспедіңіз (орау қағазын – автор.) делік. Сондықтан ашық орын қалады. Google Earth суретінде де солай болған. Ашық жері жабылмай, деректер пикселі қалып қойған», – деп түсіндірді Колумбия университетінің Ламонт-Дохерти Жер обсерваториясының аға ғылыми қызметкері Хейли Дреннон LeadStories фактчекинг порталына жазған хатында.
Тағы бір маңызды жайт, егер мұхиттағы алып қабырға шын болса, онда оны Google компаниясынан басқалары да байқайтын еді. Құрылыс ұшақтардан көрініп, бұл туралы теңізшілер мен жай дайвингке әуес жандар айтар еді. Алайда олардың ешқайсысы ешқашан қабырға туралы мәлімдеме жасамаған.
Спутниктік және сонарлық суреттердегі артефактілер бұған дейін де қастандық теорияларына негіз болған. Мысалы, 2009 жылы әр түрлі суреттердің қабаттасуына байланысты пайдаланушылар Google Ocean бағдарламасында мұхит түбіндегі Антлантиданы «көрген». Олар шағын қаланың көшелеріне ұқсайтын бірнеше тік және көлденең сызықтарды мифтік қала деп ойлап қалған. Бірақ мұхит түбінде мұндай сызықтар болмаған.
Демек, Тынық мұхитындағы қабырға туралы ақпарат – фейк. Google Earth бағдарламасында пайдаланушылар көрген нәрсе – бұл екі спутниктік суретті бір-біріне жабыстырудың нәтижесінде пайда болған «сызық».