Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар турбо қатерлі ісік ауруын тудырды»

Қазақстандықтар Желіде онкологиялық аурулардың жаңа түрі – турбо қатерлі ісікті талқылауда. Олардың айтуынша, бұл өте тез пайда болып, дамитын ауру, бұған COVID-19 қарсы вакциналар себеп. Бұл олай емес.

Турбо қатерлі ісік термині алғаш рет 2022 жылдың желтоқсанында Желінің ағылшын тіліндегі сегментінде тараған. Оны канадалық дәрігер Чарльз Хоффе ұсынған. Ол COVID-19 пандемиясы мен вакцинация туралы бірнеше рет жалған мәлімдемелер жасағанымен белгілі, нәтижесінде Британдық Колумбия дәрігерлер мен хирургтар колледжі бастаған тергеуге алынды. Дәрігерге көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылды.
Иммунология саласының мамандары мен фактчекерлер турбо қатерлі ісіктің бар екеніне дәлел таппай, бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.
Дегенмен, 2023 жылдың қазан айында ойдан шығарылған термин қайта айтыла бастады. Бұл жолы оны эпидемиолог Харви Риш қолданды. Айта кетейік, бұған дейін ол COVID-19 гидроксихлорокинмен емдеуді белсенді түрде жақтаған – оның ауруды жазбайтын пайдасыз құрал екені дәлелденген.
Жалпы алғанда, Риштің мәлімдемелері Чарльз Хоффенің теориясынан айтарлықтай ерекшеленбеді – олар негізсіз болды және ешқандай зерттеулермен немесе сенімді статистикамен расталмаған. Қатерлі ісік бір жылдың ішінде пайда болып, дамуы мүмкін деген теория медициналық мәліметтерге қайшы келеді. Статистикаға сүйенсек, қатерлі ісіктер анықталғанға дейін шамамен он жыл бойы өседі. 
Егілгендер арасында егілмегендерге қарағанда онкологиялық науқастар көп екенін дәлелдейтін статистика жоқ.
Сонымен қатар, мұндай статистика болса да, ол вакциналардың қатерлі ісікпен байланысын дәлелдемейтін еді. Бұл теорияны дәлелдеу үшін вакцинацияға дейін және одан кейін белгілі бір аралықтарда еріктілерді толық тексеруден өткізетін көпжылдық зерттеулер жүргізу қажет.
Әзірге мұндай зерттеу жоқ, онкологиялық аурулардың статистикасы COVID-19-ға қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың өсуіне себеп болады деген теорияны растамайды.
Мұның бәрі турбо қатерлі ісік туралы хабарлама жалған екенін көрсетеді. Мұндай термин жоқ, статистикалық мәліметтерге сәйкес, қатерлі ісік пайда болғаннан анықталғанға дейін орта есеппен 10 жыл бойы дамиды. Харви Риш те, турбо қатерлі ісік теориясының басқа жақтаушылары да зерттеулер жүргізбеген және өз гипотезаларын қуаттайтын мәліметтер келтірмеген.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button