Фейк: «Коронавирустың алғашқы ошағын және жасалған ядролық соққыны адамдардан жасырған»
Танымал қазақстандық Telegram-чатта 2015 жылы болған коронавирустың алғашқы ошағын және Урал тауларына жасалған ядролық соққыны адамдардан жасырғаны туралы ақпарат таралуда. Бұл рас па, анықтайық.
2015 жылы Оңтүстік Кореяда коронавирустың өршуі тіркелген. Бірақ, біріншіден, оны ешкім жасырған жоқ, екіншіден, ауруды COVID-19-дың SARS-CoV-2 қоздырғышы емес, MERS коронавирусы тудырған.
Коронавирустар – бұл вирустар тобы, оның 45 түрі бар. Олардың көпшілігі адамдар үшін қауіпсіз, төртеуі жалпы суық тиюді тудырады, қалған үшеуі – MERS, Sars-CoV және Sars-COV-2 ауыр ауруларға себеп болуы ықтимал.
SARS-CoV-2-ден басқа барлық коронавирустар 2019 жылға дейін ашылып, зерттелген, демек, 2015 жылы Оңтүстік Кореяда коронавирус ошағының тіркелуі таңқаларлық жайт емес.
Урал тауларына жасалған ядролық соққы туралы тезис дәлелденбеген. Хабарламада осы жарылыстың видеосына сілтеме тіркелген, іс жүзінде ол қастандық теорияларына арналған ресейлік Telegram арнасына апарады, ал онда мұндай видео жоқ.
Урал тауларына ядролық бомба тасталғанына да ешқандай дәлел жоқ. 2017 жылы ресейлік БАҚ Оңтүстік Уралдың атмосферасындағы рутений-106 радиоактивті затының қауіпті деңгейі туралы жазған. Алайда, кейіннен заттың концентрациясы шамалы болып, радиациялық қауіп туралы қауесеттер асыра айтылғаны белгілі болды. Ол кезде де ядролық бомба туралы әңгіме болған жоқ. Оқиғадан кейін бір жылға жуық уақыт өткен соң, орын алған жағдайды зерттеген арнайы комиссия радиоактивті изотоптың атмосфераға ену көзін анықтай алмады. Бірақ комиссия мүшелері оның шоғырлану деңгейі минималды екенін және адамдардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейтінін растады. Аймақта 2017 жылы ядролық бомба жарылған болса, оны жасыру өте қиын болар еді. Біріншіден, куәгерлер ядролық саңырауқұлақты, түтінді және жарылыстың басқа салдарын смартфондарға түсіретін еді. Екіншіден, жарылыс толқыны әсерінен міндетті түрде бұзылулар болар еді. Үшіншіден, жарылыс кіндігіндегі барлық тірі жандар жанып кетер еді, өйткені ядролық бомба жарылған кезде күшті жылу сәулеленуі пайда болады. Төртіншіден, радиоактивті сәулеленудің күшті болуынан жарылыс эпицентріне жақын болған адамдар тірі қалмайтын еді. Зардап шеккен аймақта болғандарда радиациялық немесе басқа аурулар дамитын еді.
Урал тауларының жанында мұндай ештеңе болмағандықтан, онда ешқандай ядролық бомба жарылған жоқ деп сеніммен айта аламыз.
Хабарламада келтірілген үшінші тезисте әр президенттің қалай әрекет ету керектігін айтып отыратын «қожайыны» бар екендігі айтылған. Бұл – нағыз конспирология. Әлемді мықты, бірақ көлеңкеде жүрген адамдар басқарады деген теория Deep State немесе «терең мемлекет» деп аталады. Кез келген басқа қастандық теориясы сияқты, ол да расталмайды.
Қорыта айтқанда, таралған хабарламада келтірілген үш мәлімдеме өтірік болып табылады.