Жалған: «Эксперимент жасаған Никола Тесла жазушы Марк Твеннің денесінен жоғары жиілікті ток өткізген»
Әлеуметтік желілерде америкалық инженер Никола Тесла мен жазушы Марк Твеннің фотосуреті тарады. Онда Твен қолында жарқыраған шамға ұқсайтын нәрсені ұстап тұр. Суреттің астында Тесла өз тәжірибесінде жазушының денесі арқылы шамды жағатын жоғары жиілікті ток өткізген деп жазылған. Бұл мәлімдеме қате.
Хабарламада Тесланың басқа да ерекше өнертабыстары туралы айтылады. Атап айтқанда, электромобиль, «Teleforce» өлім сәулесі, «Әткеншек» жобасы және Тунгус метеоритінің құлауы ғалымның тәжірибесімен байланысты болуы мүмкін екендігі туралы.
Бұл түпнұсқа сурет. Ол 1894 жылы Никола Тесланың зертханасында түсірілген. Өнертапқыштың тәжірибесіне қатысқан Марк Твеннің бұдан басқа да суреттері бар. Бірақ жазушының денесі арқылы жоғары жиілікті ток өткізілген эксперименттер туралы мәлімет жоқ.
Мына суретте Твен Тесла катушкасына бекітілген сымдардан қуат алатын вакуумдық шамды ұстап тұр. Суреттің оң жағында ақ түсті сым көрінеді. Яғни, электр тогы шамға Марк Твеннің денесі арқылы емес, сым арқылы өткен.
Инженердің басқа өнертабыстарына келетін болсақ, олардың көбі мифке толы. Атап айтқанда, ол ауадан қуат алатын электр қуатымен жүретін ғажайып көлік ойлап тапқан екен. Бірақ бұл физикалық тұрғыдан расталмайды, мысалы, Тесланың мұндай электромобиль жасағанын дәлелдейтін сызбалар, суреттер немесе машинаның бөліктері жоқ.
Өлім сәулесі немесе «Teleforce» жобасымен де солай. Желіде бұл туралы бәрін жоятын қауіпті қару ретінде жазылады. Дегенмен, мұндай қарудың бар екендігіне де ешқандай дәлел жоқ. Тесла 1899 жылдан бастап электр тогын алыс қашықтыққа сымсыз тартумен айналысты. Кейіннен ол берілген нысанаға соққы бере алатын сәулені ауа арқылы жіберетін құрылғы ойлап тапқанын айтады. Бірақ бұл өнертабыс теориялық тұрғыдан ғана болып, іс жүзінде жасалмаған еді. Тарихқа көз жүгіртсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін де, соғыс кезінде де, ол аяқталғаннан кейінгі онжылдықта да бірде-бір елде теслолық болсын, басқа болсын, сәулелік қару шығарылған жоқ.
Тесла тәжірибелерінің Тунгус метеоритінің құлауымен байланысы да расталмаған конспирологиялық гипотеза болып табылады.
Оған сәйкес, бұл күні, 1908 жылғы 30 маусымда Никола Тесла электр қуатын сымсыз өткізу тәжірибесін жүргізген. Тунгус апатының себептері туралы зерттеушілер әлі күнге дейін дауласуда. Көптеген экспедициялар мен құлауды қалпына келтіру жұмыстарына қарамастан, бұл сұраққа жауап әзірге жоқ. Ғылыми гипотезадан фантастикаға дейін ондаған гипотеза бар, бірақ олардың ешқайсысы шындыққа жатпайды.
Демек, Никола Тесла жасады деген өнертабыстар туралы ақпарат жалған. Сондай-ақ ол жазушы Марк Твеннің денесі арқылы жоғары жиілікті ток өткізбеген, өйткені фотосуретте шамға қосылған сымдар көрініп тұр.