Конспирология

Фейк: «БҰҰ біртұтас әлемдік үкімет болуды жоспарлап отыр»

Әлеуметтік желілерде Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық елдердің егемендігін жойып, біртұтас және сайланбайтын әлемдік үкімет болуды жоспарлап отыр деп жазылуда. Бұл туралы 2024 жылы «Болашақ саммитінде» жарияланады екен. Бұл рас па? Тексерейік.

Желіде БҰҰ-ның «Болашақ саммиті» атты конференциясы туралы мәліметтер бар. Толық ақпарат тікелей ұйымның ресми сайтында орналастырылған. Онда «Болашақ саммиті» 2024 жылы өтеді және Болашақ пактісі қабылданады делінген. Жоспарға сәйкес, бұл «2030 жылға дейінгі күн тәртібінде», 2020 жылғы UN75 декларациясында, сондай-ақ «Біздің ортақ күн тәртібіміз» баяндамасында сипатталған мақсаттарды іске асырудың соңғы кезеңі болады.

Бұл құжаттардың барлығы БҰҰ сайтында бар.

«2030 жылға дейінгі күн тәртібі» 17 ұзақ мерзімді мақсатты қамтиды, атап айтқанда, жалпыға бірдей теңдік, кедейлік пен аштықты толық жеңу, таза суға, сапалы білім мен денсаулық сақтауға жалпыға бірдей қол жетімділікті қамтамасыз ету және тағы басқалар. Олардың ешқайсысы бірыңғай сайланбайтын үкімет құруға бағытталмаған.  

UN75 2020 декларациясы Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдық мерейтойына арналған. Ол БҰҰ-ның кейінгі қызметі мен дамуына қатысты 21 тармақтан тұрады. Олардың ешқайсысында үкіметтерді құлату немесе әртүрлі елдердің егемендіктерін жою сипатталмаған.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериштің «Біздің ортақ күн тәртібіміз» атты баяндамасы алты тараудан және БҰҰ міндеттемелері бойынша бірқатар негізгі ұсыныстардан тұрады. Бұл ұсыныстарға салауатты қоршаған ортаға құқықты тану, интернет жағдайында адам құқықтарын қолдану, табысы орташа және төмен елдерде денсаулық сақтау өнімдеріне қол жеткізуді жеделдету және т.б. кіреді. Баяндамада президенттерді алып тастау және біртұтас әлемдік үкімет құру туралы жоспарлар жоқ. 

Яғни, таралған теорияға ешқандай дәлел жоқ.

Айта кетерлік жайт, оны сенімді ақпарат көзі болып саналмайтын және көбінесе фейк жаңалықтар, псевдоғылыми мақалалар мен қастандық теорияларын жариялайтын ағылшын тіліндегі SLAY жаңалықтар порталы шығарған.

Олай болса, БҰҰ базасында біртұтас әлемдік үкімет құрылатыны туралы ақпарат фейк.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button