Фейк: «Эд Ширанның концертінде ондаған вакцинацияланған көрермен жүрек ауруымен ауруханаға жатқызылды»
Желіде Питтсбургте Эд Ширанның концертінен кенеттен жүрегі ауыра бастаған вакцинацияланған ондаған адамды жедел жәрдем алып кетті деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желі пайдаланушыларының пайымдауынша, жүрек ұстамасы вакцинацияланған адамдарға әсерін сынау үшін әдейі қосылатын жиіліктерден туындауы мүмкін. Бұл жалған.
Әнші Эд Ширанның Питтсбургтегі концерті осы жылдың 8 шілдесінде Acrisure стадионында өтті. Сол күні ол жерде бірнеше адамға медициналық көмек қажет болды, бірақ жүрек проблемасы бар ондаған адам ауруханаға жатқызылған жоқ. Барлығы 37 адам әртүрлі себептермен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың 17-сі ауруханаға жатқызылды. Көпшілігі ыстықтан өздерін нашар сезінген, бірнешеуі құлап, зардап шеккен, біреуінің денесі құрыса бастаған. Ал екеуінде – сахна мен «жедел жәрдем» қызметкерлерінде жүрек ұстамасы болған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, адамдардың жаппай дәрігерлердің көмегіне жүгінуіне күннің ыстық болуы себеп. Концерт өткен күні қалада ауа температурасы Цельсий бойынша шамамен 27 градус болды.
Барлық зардап шеккендердің толық вакцинациядан өткені ойдан шығарылған. Бұл туралы бірде-бір беделді БАҚ хабарламаған. Бұл ақпараттың көзі – фейктер мен псевдоғылыми жаңалықтар жариялап отыратын The People’s Voice порталы. Бұл ретте портал тілшілері есімдері жария етілмеген адамдардың медициналық деректерін қайдан алғанын түсіндірмеген. Демек, бұл ақпараттың шынайылығын растау мүмкін емес.
Олай болса, Эд Ширанның жүрегі ауырып, ауруханаға жатқызылған ондаған вакцинацияланған фанаттары туралы ақпарат жалған. Шын мәнінде, стадионда екі адамда ғана жүрек ұстамасы болған, олардың вакцинация мәртебесі белгісіз.