Тарих

Фейк: «Жаһандық жылыну теориясы дұрыс емес есептеулерге негізделген»

Telegram-да пайдаланушылар ғаламдық жылыну туралы теория дұрыс емес есептеулерге негізделген деген ақпаратпен бөлісуде. Ғалымдардың пайымдауынша, ғаламдық жылыну кезеңі кіші мұз дәуірі аяқталған кезде 1850 жылы басталған, ал оған дейін орта ғасырларда Жердегі ауа райы қазіргіден де ыстық болған. Бұл рас па? Анықтайық.


Алдымен тарихи фактілерге тоқталайық.
Пайдаланушылар жазған кіші мұз дәуірі шынымен болған. Бұл жаһандық сипатта болды, бірақ оның уақыт кезеңі белгісіз, өйткені ол планетаның әртүрлі бөліктерінде әртүрлі уақытта болған. Көбінесе ғалымдар кіші мұз дәуірі 1550-1850 жылдары болған дейді. Алайда, кіші мұз дәуірінің миллиондаған жыл бұрын болған мұз дәуірінен өзгеше екенін білген жөн. Кіші мұз дәуірінде әлемде мұз қатпаған және биік күртік қар болмаған. Сол кездегі адамдар орташа температураның Цельсий бойынша екі градусқа төмендеуіне, қыстың қатал болуына, күзде және көктемде аяздың тұруына, жазда нөсердің жаууына және соның салдарынан егін түсімінің азаюына тап болды.
Ауа райының салқындауына күн белсенділігінің төмендеуі, жанартаулардың атқылауының көбеюі себеп болды. Олардың күлі Жерге біраз уақыт бойы Күн сәулесінің түсуіне жол бермейтін «шымылдық» қалыптастырған. 
Кіші мұз дәуірі басталғанға дейін планетаның белгілі бір бөліктерінде ортағасырлық жылы кезең болды. Ол барлық жерді емес, тек Солтүстік Атлантика, Еуропа және Солтүстік Американың кейбір аймақтарын ғана қамтыған.
Температураның ауытқулары ғалым климатолог Эд Хокинстің мақаласындағы графикте көрініс тапқан. Ол Рединг университетінің Ұлттық атмосфералық зерттеулер орталығының (NCAS) қызметкері және үнемі климаттың өзгеруі туралы мақалалар жариялап тұрады. Солардың бірінде ол орта ғасырлардағы, кіші мұз дәуіріндегі және қазіргі замандағы температуралық өзгерістер салыстырылған график келтірген. Оған сәйкес, қазіргі кезде орташа температура ортағасырлық жылы кезеңдегі орташа температурадан Цельсий бойынша бір градусқа жоғары. 
Сонымен қатар, Хокинс атап өткендей, жылынудың қазіргі тенденциясының өткеннің температуралық ауытқуларынан айырмашылығы жаһандық және жылдам болуында.
Жалпы, ғалымдар 1850 жылдан бастап, яғни өнеркәсіптік революция басталысымен адам өз қолымен жаһандық жылынуды жасай бастады дегенмен келіседі. Қазба отындарын жағу, урбанизация және халық санының өсуі атмосфераға парниктік газдардың шамадан тыс шығарылуына әкелді. Бұл Жер атмосферасынан және жүздеген жыл бұрын мұзда қатып қалған ауа көпіршіктерінен алынған ауа үлгілерінің салыстырмалы талдауымен расталады. 
Жалпы, жаһандық жылыну фактісін Жер шарындағы орташа температураның өсуі, мұздықтардың еруі, теңіз деңгейінің көтерілуі, мұхиттардың қышқылдану қарқынының жеделдеуі, сондай-ақ табиғи апаттардың жиілеуі растайды.
Қорыта айтқанда, жаһандық жылыну дұрыс емес есептеулердің нәтижесі емес, шынайы жағдай. Тіпті ортағасырлық жылы кезеңмен салыстырғанда да Жердегі орташа температура көтерілді. Сонымен қатар ортағасырлық жылы кезең жаһандық болмаған, тек Жер шарының жекелеген бөліктерін ғана қамтыған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button