Фейк: «Жаңа зерттеу вакцинацияланбаған адамдардың COVID-19 жұқтыру мүмкіндігі 65% төмен екенін дәлелдейді»
Пайдаланушылар әлеуметтік желілерде Nature ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу туралы жазуда. Бұл жұмыс вакцинацияланбаған адамдарда егілгендерге қарағанда COVID-19 жұқтыру қаупі 65%-ға төмен екенін дәлелдейді екен. Шындығында, бәрі керісінше.
Аталған зерттеу беделді Nature ғылыми журналында бар. Оны 2023 жылғы 3 ақпанда италиялық ғалымдар тобы жариялады. Жұмыс «Нақты деректер негізінде вакцинацияланған және бұрын ауру жұқтырған субъектілерде SARS-CoV-2 жұқтыру және ауруханаға жатқызу қаупін бағалау» деп аталады.
Мәтінде вакцинацияланған және ауырған адамдар үшін COVID-19 жұқтыру қаупі салыстырылмайды. Бұл топтар сәйкесінше вакцина алмаған және ауру жұқтырмағандармен салыстырылды.
Ғалымдар 150 мыңнан астам қатысушыны бақылады, олардың арасында вакцина алғандар да, COVID-19-бен ауырғандар да болды. Тәжірибе 2020 жылғы 27 желтоқсаннан 2022 жылғы 8 мамырға дейін жалғасты.
Осы уақыт ішінде ғалымдар жан-жақты мәліметтер жинап, мынадай қорытындыға келді:
«Бақылау тобымен салыстырғанда, вакцинацияланған субъектілердің ауру жұқтыру ықтималдығы вакцинацияланбаған субъектілерге қарағанда 36%-ға төмен болды. Ауруханаға жатқызу үшін бұл ықтималдық тағы да 89%-ға төмендеді. SARS-CoV-2-бен ауырғандардың ауруды қайта жұқтыру қаупі 65%-ға, ал ауруханаға жатқызу қаупі 90%-ға төмендеді. Сол сияқты, бұрын вакцинацияланған оң субъектілерде инфекция және ауруханаға жатқызу қаупі сәйкесінше 62% және 98% төмендеді», – делінген зерттеуде.
Яғни, жоғарыда келтірілген есептеулер COVID-19-ға қарсы вакцинация инфекциядан жақсы қорғайды және аурудың ауыр ағымы мен ауруханаға жатқызу ықтималдығын айтарлықтай төмендететінін көрсетеді. Ауырғаннан кейін қалыптасқан иммунитет те ауруханаға жатқызудан бірдей қорғайды. Вакцинацияланған және аурып шыққандар COVID-19-дың ауыр ағымынан 100% дерлік қорғалған.
Демек, вакцинацияланған адамдардың инфекция жұқтыру қаупі 65% артық деген ақпарат – ғылыми жұмысты бұрмалауға негізделген фейк.