Фейк: «Pfizer вакцинасы биологиялық қару ретінде қолданылуы мүмкін»
Қазақстандық Telegram-арналарда Pfizer вакцинасы нейродегенеративті аурулар тудыратындықтан оны биологиялық қару ретінде пайдалануға болатынын дәлелдейтін зерттеу туралы жаңалық тарады. Бұл шындыққа жанаспайды, неге екенін түсіндіріп өтейік.
Алдымен терминологияға тоқталайық. ДДҰ анықтамасына сәйкес, биологиялық қару – бұл вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар немесе басқа токсиндер сияқты микроорганизмдер, олар адамдар, жануарлар немесе өсімдіктер аурулары мен өліміне әкелу үшін әдейі өндіріліп, шығарылады. Вакциналар токсиндер емес және эпидемия тудырмайды. Сондықтан олар биологиялық қару болып саналмайды.
Нейродегенеративті аурулар – бұл ми жұмысын бұзатын аурулар. Мысалы, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы, моторлы нейрон ауруы және т.б.
COVID-19 қарсы вакцинация мен осы аурулардың дамуының арасында байланыстың бар екеніне ешқандай дәлел жоқ.
Бұл байланысты растайтын зерттеу 2021 жылдың қаңтарында Microbiology and Infectious Diseases журналында жарияланды. Бұл журнал мақалаларды тексерусіз және рецензиясының бар-жоғына қарамастан шығарады. Демек, оны беделді журнал деп айта алмаймыз.
Зерттеу авторы Барт Классеннің де ғылыми ортада беделі жоқ. Ол бұған дейін екі еңбегін осындай күмәнді журналдарда жариялаған болатын. Олардың бірінде ол вакциналардың қант диабетімен байланысын «дәлелдеген». Екіншісінде вакцинация семіздікке әкеледі деп мәлімдеді. Екі мақаланы да ғалымдар сынға алып, Классеннің әдістемесі күмәнді және оларда автордың тезистерін растайтын нақты деректер жоқ екенін атап көрсетті.
Вакциналардың нейродегенеративті аурулармен байланысы туралы айтылатын зерттеуде де осы мәселелер бар.
CIMUS биомедициналық зерттеулер институтының доценті және приондар зертханасының жетекшісі Джесус Р. Рекен Health Feedback порталына хабарлағандай: «Мақалада Классеннің мәлімдемесін растайтын деректер немесе көрсеткіштер болған жоқ. Оның орнына, жарияланымда автор белгілі бір ми ақуыздарын жұқпалы бөлшектерге айналдыру үшін COVID-19 қарсы Pfizer-Biontech вакцинасының «әлеуетін бағалады» деген түсініксіз әдістемелік бөлім бар. Мақалада Класеннің бұл бағалауды қалай жүргізгені нақты түсіндірілмеген».
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілдері де PolitiFact порталына клиникалық зерттеу кезеңінде де, жаппай егу науқаны кезінде де вакцинация салдарынан нейродегенеративті ауруды дамытатын бірде-бір вакцинацияланған адам туралы мәлімет болмағанын айтты.
Демек, Pfizer вакцинасы бірқатар қауіпті ми ауруларын тудырады және биологиялық қару болып табылады деген ақпарат – фейк. Бұл хабарлама нақты деректерді қамтымайтын және беделі күмәнді журналда жарияланған зерттеуге негізделген.