Фейк: «1950 жылдары адамдар левитация құпияларын білген»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар құрылымы жағынан рим күймесіне ұқсайтын құрылғымен жер бетінде қалықтап жүрген адамның видеосын таратуда. Оның астынан кадрлардың 1950 жылдары түсірілгені және құрылғының «электромагниттік левитация» принципі бойынша жұмыс істейтіні жазылған. Бұл фейк.
Алдымен «электромагниттік левитация» термині бар екенін атап өтейік. Алайда, оның мағынасы левитация сөзінің мағынасынан өзгеше. Электромагниттік левитация көбінесе кәдесыйлар өндірісінде қолданылады. Мысалы, бекітілмеген, тірек пен доғаның жоғарғы нүктесінің арасында «қалықтап» тұрғандай көрінетін глобустар болады. Бұл әсер электр магнит пен оған қуатты біресе тоқтатып, біресе беретін фотоэлемент арқылы жасалады. Дәл осындай циклдік әсер объектіні бір қалыпта ұстайды.
Бұл технология бағытты еркін өзгерте отырып, толық ұшуға мүмкіндік бермейді.
Қазнетте таралған видео 2020 жылы шыққан. Оның қашан және қайда түсірілгені белгісіз. Алайда, кадрлар астынан видео Виктор Гребенников ойлап тапқан гравитолет деп жазылған.
Виталий Гребенников – ғалым, жәндіктерді өсіру және қорғау жөніндегі маман, Ресейдің еңбек сіңірген экологы.
Ол жәндіктердің қанаттарын зерттеу арқылы ойлап тапқан гравитолет туралы алғаш рет 1993 жылғы 1 сәуірдегі «Техника – жастар» журналының санында хабарланды. Ерекше ұшақ туралы мақала 44 бетте шықты. Бұл ретте журнал нөмірінің мазмұнында 41-ден 62-ге дейінгі беттер «Қара әзіл және ғалым әзіл» айдарына бөлінетіні көрсетілген. Яғни, Гребенниковтың өнертабысы туралы материалды әзіл деп санауға болады.
Гребенников ұшқанын айтады, бірақ ұшу аппаратын жасау технологиясын ашпайды. Мақала «Техника – жастар» журналында шыққаннан кейін көптеген энтузиастар гравитолетті қайта жасамақ болады, алайда, бұл қолдарынан келмейді. 1999 жылы Гребенников хатын жариялады, ол Желіде қазір де бар. Онда былай делінген: «Сіздің барлық сұрақтарыңызға жауаптар менің кітабымның 218-220 беттерінде бар. Оларды мұқият оқып шығыңыз. Егер бұл жолдар Internet түссе, бұл – утопия, гравитопланды әлі ешкім жасап шығарған жоқ, мен де. Мені бұдан былай мазаламауларыңызды сұраймын: мен мүгедекпін, ауыр инсульт алдым, мен 72 жастамын.» Бір қызығы, Гребенников өзін жәндіктер кітабының авторы, жазушы және суретшімін десе де, өнертапқыш деп атамайды.
Гребенников өз хатында жазған «Менің әлемім» кітабын онлайн оқуға болады. Онда гравитолеттің бір кездері болғанына ешқандай дәлел жоқ.
Қорыта айтқанда, таратылған видео 1950 жылдары емес, одан кейінгі кездері түсірілген деуге болады. Оның шығу тегі белгісіз және кадрлар ерекше құрылғының ұшқанын көрсететіндей етіп монтаждалуы ықтимал. «Гребенниковтың гравитолеті» деп аталатын кадрлардағы аппарат – әзіл, және ол іс жүзінде болмаған. Электромагниттік левитация бар болса да, кез келген объектінің еркін ұшуын қамтамасыз ете алмайды.