Фейк: «Pfizer вакцинасының сынақтарына қатысқан жүкті әйелдер балаларын туа алмады»
Қазнетте Pfizer-BioNTech шығарған вакцинаның клиникалық сынақтарына қатысқан 270 жүкті әйелдің біреуі ғана дені сау бала туғаны туралы ақпарат тарады. Қалғандары түсік тастаған. Бұл өтірік.
Бұл ақпарат осы жылдың 19 қаңтарында Желінің ағылшын тілді сегментінде жарияланған мақалаға негізделген.
Онда 270 қатысушының 238-і белгісіз себептермен сынақтан шығып кеткені, ал қалған 32-нің біреуі ғана сау баланы дүниеге әкелген деп айтылған. Бұл мәліметтерді автор Pfizer-BioNTech-тің «5.3.6 2021 жылғы 28 ақпанға дейін алынған PF-07302048 (bnt162b2) жағымсыз құбылыстар туралы тіркеуден кейінгі хабарламаларға жиынтық талдау» құжатынан алған.
Reuters порталының фактчекерлері Техас университетінің оңтүстік-батыс медициналық орталығындағы Ана мен бала медицинасы кафедрасының доценті Эмили Адхикаримен сқхбаттасты. Ол Pfizer-BioNTech-тің түпнұсқа құжатымен танысып, 238 қатысушының сынақтан шықпағанын, әлі де бала көтеріп жүргенін, сондықтан клиникалық сынақтар кезінде жүктіліктің нәтижесі туралы айта алмағандарын түсіндірді.
Лондон Императорлық колледжінің репродуктивті иммунология пәнінің оқытушысы Викки Мале Reuters агенттігіне мақалада айтылған жағымсыз әсерлер міндетті түрде вакциналармен байланысты болмайтынын айтты. Оның сөзінше, мақалада сипатталған оқиғалар вакцинациядан кейін болған, бірақ оның салдары болуы міндетті емес. Сондай-ақ, ол мақалада егілген әйелдер арасында орын алған 205 түсік тастау жағдайы туралы айтылғанын, бұл АҚШ-та вакцинацияланған жүкті және бала емізетін әйелдердің аз ғана бөлігін құрайтынын атап өтті.
Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарды COVID-19 қарсы вакцинациялауды бастамас бұрын препараттар толық клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулерден өтті. Бүгінгі таңда бұл процедура қауіпсіз және мерзімінен бұрын босану немесе ұрықтың қайтыс болу қаупін арттырмайды деп айтуға ғылыми негіз жеткілікті.
Демек, Pfizer вакцинасының клиникалық зерттеулерінің барлық қатысушылары түсік тастады деген ақпарат – фейк және манипуляция.