Фейк: «Конституцияға түзетулер енгізілгенен кейін адамдардың жеке меншігін мемлекет басқаратын болады»
Қазақстандық Telegram-чаттарда қатысушылары референдумда Конституцияға түзетулер қабылданған жағдайда, адамдардың жеке меншігін депутаттар мен мемлекет өкілдері басқаратын болады деп жазуда. Бұл өтірік.неге екенін түсіндіріп өтейік.
Қазақстанда биыл 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Ел азаматтары ҚР Конституциясына түзетулерді қабылдауды жақтап немесе қарсы дауыс бере алады.
Жалпы түзетулер саны – 35. Олардың ешқайсысы азаматтардың жеке меншігін жоюға немесе оны мемлекетке беруге қатысты емес.
Telegram чаттарға қатысушылар жазған түзету келесідей:
«6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.».
Әділет министрлігінің хабарлауынша, бұл азаматтардың жеке меншігі мемлекетке беріледі дегеннің белгісі емес.
– Конституцияның 6-бабының 3-тармағына ұсынылып отырған түзету жеке меншіктегі жерге, малға және жеке өзі өсірілген екпелерге қатысты қолданылмайды. Түзетуге сәйкес жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін белгілеу ұсынылады, қазіргі уақытта Конституцияда олардың мемлекеттік меншікте екені белгіленген. Бұл ретте мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратынын нақтылау ұсынылып отыр. Демек, мемлекет меншік құқығын тек халыққа тиесілі және жеке меншік объектілері болып табылмайтын жерге, оның жер қойнауына, суларына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне және басқа да табиғи ресурстарға қатысты жүзеге асыратын болады. Жерге жеке меншік құқығына кепілдік беретін Конституция нормасы өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн (Конституцияның 6 – бабы 3-тармағының екінші бөлігі), – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, олар соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайтынын атап өтті. Заңда көзделген ерекше жағдайларда мемлекет қажеттілігі үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару оның құны тең бағамен өтелген жағдайда жүргізілуі мүмкін (Конституцияның 26-бабының 3-т.).
Қорыта айтқанда, түзетулер қабылданған жағдайда қазақстандықтар жеке меншігінен айырылады деген ақпарат – фейк.