Керосинмен емдеу: Желіде жалған және қауіпті кеңестер таралуда
Қазнетте тері, тыныс алу жолдары және басқа да ауруларды керосинімен емдеу туралы кітап жарнамалануда. Бұл кеңестерге құлақ асу пайдасыз әрі қауіпті. Неге екенін айтып берейік.
Кітаптың авторы – Геннадий Малахов, жазушы, тележүргізуші және дәстүрлі емес емдеу әдістерін дәріптеуші. Ол уринотерапияның, ашығу мен емделмейтін ауруларды «халықтық» әдістермен емдеудің пайдасы туралы қауіпті идеяларды ұсынуда. Мысалы, 2009 жылы ол адамдарды ерекше тыныс алу мен отырып-тұрудың көмегімен қант диабетін емдеуге болады деп мәлімдеген. Бұл сөзімен ол дәрігерлер мен медицина саласы мамандарының сынына ұшырады. Олар осы ұсыныстарды ұстана отырып, науқастар денсаулығына және кейбір жағдайларда өміріне қауіп төндіретінін айтты.
Қазіргі кезде Қазнетте белсенді түрде таратылып жатқан кітапта педикулезден бастап қатерлі ісікке дейінгі бірқатар ауруларды керосинмен емдеу туралы болып отыр. Бұл ретте автор беделді және рецензияланған ғылыми зерттеулерге сілтеме жасамайды.
Бірақ желіде керосинді емдік мақсатта қолданудың салдарын зерттеуге арналған ғылыми жұмыстарды оңай табуға болады. Мәселен, 2010 жылы геморройды керосинмен емдемек болған адамда асықты жілік шыбығында нервтің екі жақты параличі туындаған жағдай сипатталған.
Оған дейін 2000 жылы теріні керосинмен емдеу канцерогендердің өкпеге енуін жеңілдететінін дәлелдейтін зерттеу жарияланды.
Адамдар керосин ішіп, уланып қайтыс болған жағдайлар да бар.
Малахов ұсынғандай, керосинді қолданар алдында сұйылту мүлдем мағынасыз екенін атап өткеніміз жөн. Керосиннің құрылымы майлы болғандықтан оны басқа сұйықтықтарда еріту қиын.
Малахов онкологиялық ауруларды емдеу үшін ұсынған грек жаңғағының керосиндегі тұнбасының пайдасы дәлелденбеген және мұндай емнің жанама әсерлері белгісіз. Препараттың «клиникалық сынақтары» туралы Желідегі ақпарат олардың бақылау тобының қатысуынсыз жүргізілгенін көрсетеді, сондықтан олардың нәтижелерін сенімді және объективті деп санауға болмайды.
Педикулезді керосинмен емдеу оның жеңіл тұтануына байланысты қауіпті болып табылады. Керосин жағылған шаш өртеніп, адамдар ауыр күйік алған жағдайлар болғаны мәлім.
Керосин тері мен көздің тітіркенуіне әкеліп, шырышты қабықтың күйігін тудырады, керосинді ұзақ пайдалану дерматиттің дамуына соқтырады.
Қорыта айтқанда, Қазнетте таратылған керосинмен ауруларды емдеу жөніндегі кеңестерді ұстану аса қауіпті. Мотор отыны дәрі емес және оны медициналық мақсаттарда пайдалану ауыр созылмалы аурулардың дамуына, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.