Фейк: «Омикрон – бұл микротолқындармен сәулелендіру»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінің қатысушылары SARS-CoV-2 коронавирусының омикрон нұсқасы вирус емес, адамдарды зақымдайтын микротолқындар екендігі туралы хабарламалар таратуда. Бұл – еш негізі жоқ конспирологиялық теория.
SARS-CoV-2 вирусының бұрын анықталған мутациялары сияқты омикрон нұсқасы да вирус болып табылатынын әлемдік ғылыми қауымдастық растады. Бұл нұсқа алғаш рет Оңтүстік Африкада анықталды және Lancet Laboratories мамандарымен сипатталды. Қазір омикрон нұсқасының шифрланған геномының жіктелуі ДДСҰ-ның ресми сайтында орналастырылған.
COVID-19-дың 5G желілерін орналастырумен байланысын конспирологтар ойдан шығарған. Бұл теориялар мүлдем қисынсыз және дәлелдеу ғылымына қайшы келеді. Жетекші ғалымдар бұл туралы бірнеше рет мәлімдеді.
Омикрон нұсқасын жұқтыру белгілері мәлім, ол жөтел, қызба, мұрынның бітелуі, бас ауруы, тамақ пен бұлшықет ауруы. Таратылған ақпаратта айтылғандай, омикрон псориаз бен көздің тітіркенуін тудымайды.
Сондай-ақ, таралған хабарламаның авторы омикронды тек түнде ғана, адамдар ұйықтап жатқанда жұқтыруға болады деп мәлімдейді. Шын мәнінде, бұл олай емес. Әр адамның ауру жұқтырған уақытын анықтау мүмкін емес. Бірақ омикрон нұсқасы, Sars-CoV-2 вирусының басқа мутациялары сияқты ауа тамшы жолдарымен берілетіні белгілі. Яғни, оны күннің уақытына қарамастан, науқас адаммен байланыс жасау нәтижесінде жұқтыруға болады.
Қорыта айтқанда, Қазнетте таралған омикрон нұсқасы вирус емес, толқын болып табылатыны туралы ақпарат фейк. Бұл теорияның ешқандай дәлелі жоқ және ғылыми фактілерге қайшы келеді. 5G технологиясының COVID-19 пандемиясымен байланысын ғалымдар мен фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды.