Фейк: «Вакциналар альянсы планетадағы әр балаға цифрлық жеке куәлік жасау үстінде»
Әлеуметтік желі қолданушылары «Билл Гейтстің вакциналар альянсы» әр баланың вакцинация мәртебесіне байланысты болатын цифрлық денсаулық картасын әзірлеуде деген ақпаратпен бөлісуде. Мұның жалғыз мақсаты – барлық балалар туралы мәліметтер жинау. Хабарламадағы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бұл фейк әлеуметтік желілерде Сербияның Nulta Tačkа веб-сайтында жарияланғаннан кейін таралды.
Хабарламада GAVI вакциналар мен иммундау жөніндегі жаһандық альянс (Global Alliance for Vaccines and Immunisation) туралы айтылады.
GAVI вакциналар мен иммундаудың жаһандық альянсы – бұл кедей елдерде балалардың вакцинацияға қол жетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар жеке және үкіметтік ұйымдар серіктестігі.
GAVI альянсына ДДСҰ, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк, әр түрлі елдердің вакциналар әзірлешілері мен өндірушілері, зерттеу және техникалық агенттіктер, қоғамдық ұйымдар, түрлі қорлар, соның ішінде Билл және Мелинда Гейтс қоры кіреді.
Ақпарат авторы сүйеніп отырған GAVI сайтындағы құжатта кедей елдерде балалардың жеке басын тіркеу үшін цифрлық технологияларды қолдану қажеттілігі туралы жазылған.
«Әлемде шамамен 1,1 миллиард адам, оның ішінде бес жасқа дейінгі әрбір үшінші баланың жеке басын куәландыратын құжаты жоқ. Әр балаға байланысты болатын сенімді жазбасыз, оған қажет күтімді анықтау қиын», – делінген альянс сайтында.
Демек, құжатта кедей елдерде балалардың құжаттарының болмауы мәселесі көтерілген, себебі мұның салдарынан олардың медициналық көмекке жүгінуі, оның ішінде өмірлік маңызы бар вакциналарға қолжетімділігі шектеледі. Альянс нақ осындай балаларды тіркеу үшін цифрлық технологияларды пайдалануға шақырды.
Жаһандық вакциналар мен иммундау альянсының планетадағы әр балаға цифрлық куәлік әзірлейді деген пікір – автордың ойдан шығарғаны және манипуляция.