Fake News

Қазтелерадио 5G желісін сынау туралы ақпаратты жоққа шығарды

Қазақстандық интернет пайдаланушылар белгісіз біреудің «5G желісінің сынақтан өткізілетіні және осыған байланысты теле- және радиохабар тарату тоқтатылатыны туралы айтқан» аудиохабарламаны таратуда. Аудиороликтің авторы қазақстандықтарды интернетті пайдаланбауға үндейді. Оның пікірінше, бұл «денсаулық үшін зиянды» болуы мүмкін.

 

«Кейбірінің мұрнынан, құлағынан қан кеткен. Қыздар, осы 5-6 күнде кешке жұмыстан келген соң кітап, журнал оқысақ ештеңе етпейді. Теледидар көрмеңдер, телефонға жақындамаңдар, ештеңені қоспаңдар, сонда балаларыңның, немерелеріңнің денсаулықтарын сақтап қаласыңдар. Бұл шынайы ақпарат, нақты ақпарат, өйткені мемлекет нақты не болатынын айтпайды. Менің айтқанымның болатыны рас», — делінген аудиожазбада.

 

 

«Қазтелерадио» АҚ бұл ақпаратты теріске шығарып, фейк деп таныды. Ұлттық оператор хабар тарату сапасын жақсарту үшін жоспарлы-алдын алу жұмыстарын тоқсан сайын жүргізеді.

«Құрметті абоненттер, қазіргі кезде whats app мессенджері арқылы жерсеріктік және эфирлік телерадиохабар тарату желілерінде жоспарлы-алдын алу жұмыстарын жүргізуге қатысты «фейк» ақпарат таратылып жатыр.

Дүрбелеңге берілмеуге және тек ресми ақпаратқа ғана сенуге үндейміз.

«Қазтелерадио» АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет, ал тоқсан сайынғы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді, сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстар да жүзеге асырылады»,  — деп жазылған оператор сайтында.

 

Жоспарлы-техникалық жұмыстардың өткізілетіні туралы ақпаратты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі растады.

«Қазір желілерде түрлі жалған ақпарат таратылуда. Нақтырақ айтқанда жоспарлы алдын алу жұмыстары туралы ақпараттық хабарламалар. Кейбір ақпараттық хабарламалар шындыққа жанаспайды. Осы ретте, әсіресе whats app-та, басқа да мессенджерлерде Инстаграмда. Осы жоспарлы алдын алу жұмыстары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының хабар тарату саласындағы ұлттық оператор Қазтелерадио таратқан болатын осыдан бірнеше күн бұрын. Осы ақпаратқа сәйкес, «Қазтелерадио» АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілерді техникалық құралдарына сервистерді жаба отырып, жоспарлы профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Яғни бұл жұмыстар телерадиохабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет және тоқсан сайынғы жоспарлы профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді. Сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстарды жүргізеді», – деп мәлімдеді ҚР АҚДМ ресми өкілі Максим Рожин.

Еске сала кетейік, Қазақстанда қасақана жалған ақпарат таратқан үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

«Фейк және қасақана жалған ақпарат тарату заңмен жазаланады. Ақпаратты басқаға жібермес бұрын оның ресми және шынайы екендігін тексеру керек. Тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіздер», — деп түйіндеді Рожин.

ҚР АҚДМ ресми өкілінің аудиожазбасын төменде тыңдай аласыздар.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button