ҚР АШМ Астанада жұқпалы ауруға шалдыққан малдың еті тарағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Қазақстандықтар WhatsApp-та Астанаға сібір жарасы ауруына шалдыққан мал еті жеткізілген және сауда орындарының бірінде сатылып жатыр деген ақпаратты таратуда. Ақмола облысы бойынша тексерулер жүргізіліп жатыр екен. Сондай-ақ, ақпаратқа Атбасар ауданында мал арасында сібір жарасына күдік бар екендігі туралы құжат тіркелген. Бұл жалған ақпарат.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Астана қаласы «Әлем» сауда орнына сібір жарасы ауруына шалдыққан мал етінің жеткізілгені туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ресми мәлімдеді.
Бүгінгі күнге дейін елордадағы сауда орталықтарында, соның ішінде «Әлем» сауда орнында жұқпалы ет өнімінің сатылуы немесе жеткізілуі туралы ешқандай факт тіркелген жоқ. Барлық жеткізілген ет өнімдері міндетті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ», – деп хабарлады ведостводан.
Бұған дейін бірен-саран жағдайлар тіркелген Атбасар ауданында кешенді дезинфекциялық жұмыстар толық аяқталды. Қауіпті ет өнімдері белгіленген санитарлық тәртіппен жойылды. Тұрғындар медициналық тексеруден өтіп жатыр.
«Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз», – деп ескертті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері.