ІІМ Маңғыстау облысындағы тәртіпсіздіктер туралы хабарды жоққа шығарды
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Бейнеудегі толқулар» деп аталған бейнеролик тарады. ҚР ІІМ хабарлауынша, видеода оқушылар арасындағы төбелес көрсетілген.
«Бүгін, 25 мамыр күні, сағат 11.00-де Бейнеу қаласының Ж.Қалдығараев атындағы және Ы.Алтынсарин атындағы мектептердің оқушылары төбелескен. Оқиға орнында жеті адам ұсталып, мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Аталған дерек ҚР ӘҚБтК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тіркелді. Төбелес кезінде зардап шеккендер жоқ. Полиция күшейтілген режимде қызмет етуге көшірілді», – делінген хабарламада.
Маңғыстау облысының полиция департаменті түлектердің ата-аналарына кәмелетке толмаған балалар үшін жауапкершілік жүктелетіні туралы ескертеді және осы күні мектеп оқушыларын қадағалауды күшейтуге шақырады.