Фейк: «COVID-19 қарсы вакцина – бұл биологиялық қару»
Instagram-да кардиолог Питер Маккаллоудың COVID-19 қарсы вакцинация биологиялық қару болып табылады деген мәлімдемесі тарады. Оның айтуынша, екпе миға өтіп, жүрекке әсер етеді, қан тамырларын зақымдайды және басқа да ауыр салдары көп екен. Мұның мән-жайын анықтайық.
Питер Маккаллоу COVID-19 пандемиясы кезінде вакцинацияға қарсы мәлімдемелерімен танымал болды. Ол 50 жасқа дейінгі және бұрын осы аурумен ауырған адамдарға вакцинация қажет емес дейді. Оның пікірінше, ауру симптомсыз болмайды, вакциналар қауіпті және ауруды қайта жұқтыру мүмкін емес. Алайда, бұл мәлімдемелердің барлығын көптеген медициналық сарапшылар мен тәуелсіз зерттеушілер жоққа шығарды. 2022 жылдың қазан айында америкалық ішкі аурулар кеңесі оны лицензиясынан айыруды ұсынды.
Сонымен қатар, Маккаллоу вакциналар өлімге әкеледі және вирусты жұқтырмас үшін егілген адамдармен жыныстық қатынастан аулақ болу керек деп мәлімдеді. Мұндай ақылға қонымсыз мәлімдемеге сенуге болмайтыны анық.
Бұдан басқа, Маккаллоу таратқан жалған ақпарат бір миллион долларлық сот ісіне негіз болды. Бұрынғы жұмыс беруші оны мақұлданбаған дәрі-дәрмектерді қолдануға шақырды деп айыптады. Оның ішінде, ивермектин мен гидроксихлорохин болған. Маккаллоу оларды өзі жұмыс істеген клиниканың атынан ұсынған.
Америкалық кардиологтың COVID-19 қарсы вакциналар туралы мәлімдемелеріне келетін болсақ, олардың барлығы жалған. Вакцина миокардит тудыруы немесе тромбтардың қалыптасуына әкелуі мүмкін. Бұл сирек болатын жағдайлар. Вакцина өндірушілер бұл туралы ескертеді. Сонымен қатар, COVID-19 жұқтырған кезде жүрек проблемаларының болу қаупі вакцинациядан кейінгіге қарағанда айтарлықтай жоғары.
Бүгінгі таңда барлық зерттеушілер мынадай ортақ пікірге келді: вакцинацияның пайдасы барлық қауіптерден айтарлықтай артық. Маккаллоу ұсынған теориялардың ғылыми дәлелдері жоқ. Сондықтан мұндай мәлімдемелерге сенбеген жөн.