Өздерін байланыс операторларымыз деп таныстыратын алаяқтар азаматтарды алдауда. ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жәбірленушіге келтірілген залал сомасы миллиондаған теңгені құрайды.
Ақтөбе тұрғындары алаяқтықтың мына түріне тап болғаны туралы жиі шағымданады.
«Алдымен алаяқтар телефоныңызға хабарласып, өзін байланыс операторы етіп таныстырады. Телефон нөмірінің қызмет көрсету мерзімі аяқталғанын және оны ұзартуды ұсынады. Ал адам келіскен жағдайда, SMS-пен келген кодты айтуды сұрайды. Кодты алғаннан кейін олар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін құзырлы органдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, байланыс операторларының атын жамылған алаяқтарға алданып қалғанын айтады, – дейді Ақтөбе облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмұрзин.
Алаяқтар азаматтарға ұлттық қауіпсіздік, полиция, банк қызметкерлерінің атынан хабарласып, оның атына жалған байланыс операторлары тарапынан несиелер рәсімделгенін айтады. Бұл несиелердің күшін жою үшін өз атына тағы бірнеше несие рәсімдеп, ақшаны өздері көрсеткен шотқа жолдау қажет екенін хабарлайды. Қалай болғанда да жәбірленушілер барлық ақшаны алаяқтар көрсеткен «қауіпсіз» шоттарға аударуға міндеттенді.
Polisia.kz сайтының хабарлауынша, шілде айында Ақтөбе қаласы тұрғындарының бірі осындай жолмен әрекет еткен алаяқтарға алданып, 8 миллион теңге шығынға батса, тағы бір ақтөбелік 3 миллион теңгесінен айырылған, ал тағы бір тұрғын өз атына 5 миллион теңгеге жуық сомаға несие рәсімдеген.
Бұл қылмыстың барлығын алаяқтар «SIM -картаңыздың мерзімі аяқталды» деген жалған қоңыраулар арқылы жүзеге асырған. Полиция қызметкерлері сындай қоңыраулар түскен кезде сөйлесуді дереу тоқтатуға, телефонға келген SMS-кодтар мен жеке деректерді бөгде адамдарға хабарламауға және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады.