Фейк: «Симпсондар» мультфильмінде билік ауа райын қалай басқаратыны көрсетілген»
Әлеуметтік желілерде «Симпсондар» мультсериалының үзінділерінен жинақталған видео тарады. Бұл жинақ мультфильмнің авторлары үкіметтің ауа райын қалай басқаратынын және қолдан апаттар тудыратынын көрсететінін дәлелдейді екен. Мұның бәрі жалған.
Таралған ролик үш бөліктен тұрады, олардың біреуінің «Симпсондарға» ешқандай қатысы жоқ.
Алдымен роликте зәулім ғимараттан құлап бара жатқан Гомер Симпсон көрсетіледі. Ол ашық кәріз люгі арқылы жер астына түсіп, жасырын өркениеттер өкілдерімен кездеседі және жер сілкінісін тудыратын машинаны көреді. Бұл үзінді 1999 жылдың қарашасында шыққан Hello Gutter, Hello Fadder сериясынан алынған.
Роликтің екінші бөлігі – 2003 жылы шыққан Mr. Spritz goes to Washington сериясынан үзінді. Сюжет желісі бойынша Симпсондар өмір сүрген аудан ұшақтар тым төмен ұшқандықтан жапан далаға айналған. Бұл жағдайды түзету үшін сериал кейіпкері клоун Красти Конгреске сайланып, ұшақтардың ұшу траекториясын өзгерту туралы заң қабылдайды.
Роликтің үшінші бөлігі – «Америкалық әке» деп аталатын мультипликациялық сериалдан алынған үзінділер. Онда химтрейлдер мен үкіметтің ауа райын бақылайтыны туралы айтылады. Алайда комедиялық мультфильмді сенімді ақпарат көзі деп санауға негіз жоқ.
Демек, таралған видеоға сенбеген жөн. Біріншіден, оның кейбір бөлігінің «Симпсондарға» мүлдем қатысы жоқ, екіншіден, комедиялық мультфильмде көрсетілген жағдай шын деп санауға негіз жоқ.