Фейк: «Билл Гейтс адамдарға әуежайларда жасанды түрде ауру жұқтырады деп мәлімдеді»
Қазнетте Билл Гейтстің бір дәйексөз жазылған бейне сұхбаты тарады: «Біз адамдар көп жиналатын жерлерде жасанды түрде ауру таратамыз, мысалы, әуежайларда. Бастысы, жалған ақпараттар тарататын әлеуметтік желілерді жою». Бұл өтірік.
Шындығында қазақстандықтар таратып жатқан видеода Билл Гейтс COVID-19 пандемиясының төмендеді, дегенмен, әлем биотеррористер тарататын табиғи шешек вирусынан туындауы мүмкін келесі пандемияға дайындалуы керек деп айтады.
Бұл туралы Гейтс Policy Exchange-ге берген сұхбатында мәлімдеген. Бұл сөздері интернетте белсенді түрде таратылды, ал ағылшын тілді қолданушылар оны маймыл шешегінің өршуін жоспарлады және оны пандемия деңгейіне дейін «жеткізуді» көздеп отыр деп айыптады.
Желіде бұл сұхбаттың толық жазбасын табуға болады. Одан Гейтстің биотеррористердің шешек ауруын таратуы туралы болашақта болатын жағдай сияқты емес, келесі оқу-жаттығулар кезінде пысықтағысы келетін сценарий ретінде айтқанын түсінеміз.
– Бақылаумен айналысатын, іс жүзінде мен «микробтармен ойын» деп атайтынмен айналысатын ДДҰ деңгейіндегі пандемияға қарсы жұмыс тобына жылына шамамен миллиард доллар қажет болуы мүмкін, сіз қайда жаттығасыз деп сұраса, сіз: «Жақсы, ал егер биотеррорист 10 әуежайға шешек алып келсе ше?»,- деп жауап бересіз» деді ол сұхбатында.
Гейтс «микробтармен ойын» деп ықтимал пандемиялар мен халықтың денсаулығына қауіп төндіретін сценарийлер пысықталатын әртүрлі мемлекеттік органдардың бірлескен оқу-жаттығуларын атайды.
Сонымен қатар Билл Гейтс өз сұхбатында маймыл шешегі туралы емес, тек табиғи шешек туралы ғана айтқан, ал бұл екі түрлі ауру.
Оның шешек ауруы және оны биотеррористер қолдана алатындығы туралы айтқаны таңқаларлық емес. Қаскүнемдер әлемде шешекті әдейі тарату ықтималдығын бұрыннан қарастырып келеді. Бұл тақырыптағы мамандардың зерттеулері мен шолулары 2000-шы жылдардың басында шыққан.
Қазіргі кезде әлемде тіркелген маймыл шешек ауруы биотеррористік шабуылдан туындады деп айтуға болмайды. Біріншіден, бірде-бір топ аурудың таралуы үшін жауапкершілікті мойнына алмады, екіншіден, бүгінгі күні аурудың қасақана таралуының ешқандай белгілері жоқ.
Демек, таратылған ақпарат – фейк. Билл Гейтс әуежайларда және басқа да қоғамдық орындарда адамдарға ауру жұқтыруға ниетті екендігі туралы айтқан жоқ, оның биотеррористер және табиғи шешек туралы мәлімдемелері болашақта нақты оқиғалардың өрбуіне емес, алдағы пандемиялық оқу-жаттығулардың сценарийіне қатысты болды.