Fake News

Фейк: «Дәріханаларда дәрі-дәрмек түрінде қауіпті заттар мен у сатылады»

Әлеуметтік желілер мен Telegram арналарында дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектің көбі денсаулыққа қауіпті немесе тиімді емес екендігі туралы видео тарады. Ал кейбіреулері тіпті әскери улы заттар екен. Бұл өтірік.


ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

– Қазақстанда барлық дәрілік заттар дәріхана сөрелеріне шығарылмас бұрын тиімділік, қауіпсіздік және сапасы жағынан мұқият міндетті сараптамадан өтеді. Тиісінше, бұл видеода айтылған мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді», – деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ, комитет өкілдері «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, дәрілік заттардың сапасын бақылау жүйесі барлық сатыларда әрекет ететінін жеткізді.Дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін реттеудің негізгі элементі мемлекеттік тіркеу болып табылады, оның алдында олардың тиімділігін, қауіпсіздігі мен сапасын кешенді бағалау жүргізіледі. Онсыз дәрілік затты қазақстандық нарыққа шығаруға жол берілмейді.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшылары препараттың барлық құжаттамасына, оның клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтары туралы деректерге мұқият талдау жүргізеді, сондай-ақ келіп түскен дәрілік заттарға зертханалық сынақтарды дербес жүргізеді.
Препараттарды сараптау үш кезеңнен тұрады: бастапқы сараптама, мамандандырылған сараптама және зертханалық сынақтар. Бастапқы сараптама құжаттардың толықтығын, жинақтылығын және дұрыс ресімделуін бағалаудан тұрады.
Мамандандырылған сараптама дәрілік заттың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін және пайда-қауіп арақатынасын бағалайды. Бұл кезеңде Дәрілік заттардың ұтымсыз комбинацияларының тізбесіне сәйкес дәрілік зат құрамындағы әсер етуші заттар комбинациясының ұтымдылығы тексеріледі.
Зертханалық сынақтар мемлекеттік сараптама ұйымының сынақ зертханаларында жүргізіледі. Олардың мақсаты – дәрілік заттың қауіпсіздігі мен сапасы көрсеткіштерінің сәйкестігін растау. Сараптама: сынақтар жүргізу әдістемелері бөлігінде дәрілік заттың талдамалық нормативтік құжатын талдауды, дәрілік зат үлгілерін сынауды және талдау әдістемелерінің жаңғыртылуын айқындауды қамтиды.
Сондай-ақ, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетімен бірлесіп, оларды қолдану кезеңінде дәрі-дәрмекке тұрақты фармакологиялық қадағалау және дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға мониторинг жүргізеді.
Орталық жағымсыз реакциялар туралы хабарламаларды тіркейді, әрбір нақты жағдай бойынша дәрілердің күдікті жанама әсерлеріне талдау жүргізеді, жағымсыз реакцияның дамуы мен препаратты қабылдау арасындағы себеп-салдарлық байланысты зерделейді және сараптамалық қорытынды береді.
Комитет өкілдері, сондай-ақ, www.ndda.kz сайтында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі орналастырылғанын атап өтті. Бұл тізілімде толық ақпарат, оның ішінде атауы, өндірушінің атауы, тіркелген күні, шығарылған нысаны, дозасы, қолдану нұсқаулары, сондай-ақ рецепт бойынша немесе онсыз босату туралы мәліметтер көрсетілген.

Қорыта айтқанда, дәріханаларда денсаулыққа қауіпті химиялық заттарды немесе әскери улы заттарды сату мүмкін емес. Демек, таратылған ақпарат фейк болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button