Фейк: «Вакцинацияланбаған жолаушының қасында отырудан бас тартқан әйел ұшақтан түсірілді»
Желіде ұшақта жанжал шығарған әйелдің видеосы тарала бастады. Оның екпе салдырмаған жолаушының жанына отырғысы келмеген. Нәтижесінде, кеме капитаны бортта кемсітушілікке жол бермейтінін айтып, жанжалқой әйелді ұшақтан түсіріп тастаған. Бұл видео жалған.
Ролик биыл қараша айында шыққан және бірден таралып кетті. Көбінесе оны вакцинацияға қарсы адамдар таратқан. Пайдаланушылар әйелдің ашуға жол беруі оның вакцина алуымен байланысты деп те жазды.
Алайда, ролик бастан-аяқ қойылым болып табылады. Мұны фин қауіпсіздік маманы Янне Альберг растады. Ол Twitter-дегі HoaxEye аккаунтында фильмдер туралы ақпарат жарияланатын IDMB порталында талқыланған видеоның сипаттамасымен парақша бар деп жазды.
Онда бұл видео COVID-flight деп аталатын қысқа метражды фильм ретінде сипатталған. Сондай-ақ, парақшада жанжалқой жолаушының рөлін актриса Диана Винтерс, ал оны қуып шығарған капитанның рөлін Шон Погмор сомдағаны айтылған.
Диана Винтерс бұған дейін әртүрлі қысқа метражды фильмдерде ойнаған, ал Шон Погмор «Полдарк» сериялының бірнеше сериясына түскен, онда ол Ник Вигустың рөлін сомдаған.
Қолданушылардың пікірінше, видеода вакцинацияланбаған жолаушының жанында отырғысы келмейтін әйелді тыныштандыруға тырысқан жолсерік – актриса Джордан Холланд. Олар тіпті оның Facebook-тегі парақшасынан түсірілімнің бірнеше кадрын тапқан, онда ол роликтегі форманы және оқиға орын алған ұшақты көруге болады.
Rolling Stone басылымы қысқа метражды фильмнің режиссері Джеми Халл-Гринвуд өзінің Instagram-аккаунтында түсірілім суреттерін жариялағанын хабарлады. Онда роликтегі ұшақ пен актриса Джордан Холланд бейнеленген. Алайда қазір Халл-Гринвудтың аккаунты жабық.
Роликтің фейк екендігі туралы Newsweek, CTVnews және Cnet сияқты ағылшын тіліндегі бірнеше басылым жазды.
Демек, интернетте тараған ұшақта вакцинацияланбаған жолаушының жанында отырғысы келмей жанжал шығарған әйелдің видеосы іс жүзінде қойылым және барлық кейіпкерлер кәсіби актерлер болып табылады.