Фейк: «Вакцинацияланған адам ханзада Чарльзбен әңгімелесу кезінде есінен танып қалды»
Қазақстандық Telegram-чаттарда ханзада Чарльз бен оның жұбайы Камилла Бристольде ASDA супермаркеттер желісіне барғанда түсірілген видео тарады. Кадрларда компания қызметкерінің тақ мұрагерімен сөйлесіп жатқанда есінен танып қалғаны көрсетілген. Видеода бұл ер адам COVID-19 қарсы екпе жасатқан деп жазылған. Бұл жалған.
Видеодағы ер адам СOVID-19-ға қарсы егілмеген, өйткені бейне 2020 жылдың 10 шілдесінде түсірілген, яғни әлемде клиникалық сынақтардан тыс алғашқы вакцина салынғанға дейін бес ай бұрын.
Кейіннен компанияның баспасөз қызметі түсіндіргендей, қызметкердің есінен танып қалуына оның қатты толқуы себеп болған. Видеоның толық нұсқасында бірнеше секундтан кейін ер адамның есін жинағанын, оған қажетті медициналық көмек көрсетілгенін көруге болады.
Вакцинацияға қарсы адамдар бұған дейін де есінен танып қалған адамдардың кездейсоқ бейнелерін екпе салдары деп айтып келген. Біз тікелей эфирде есінен танып қалған онлайн-казино крупьесінің видеосын вакциналардың қауіптілігін «дәлелдеу» үшін қолданылғаны туралы жазған болатынбыз.
Фейк: «COVID-19-ға қарсы егілген онлайн-казино дилері тікелей эфирде есін жоғалтты»