Фейк:«Маскадан нанобот-құрттар табылды»
Қазақстандықтар медициналық масканы микроскоппен түсірген бейнероликті талқылауда. Видео авторы маска талшықтарынан үрлегенде қозғалатын бөгде бөлшектерді тапқан. Ер адамның пайымдауынша, бұл нанобот- құрттар. Бұл олай емес.
Медициналық маскалар мен ПТР талдауына биометариал алуға арналған зондтарда наноботтар бар деген теория осы жылдың басында тарады. Ол YouTube-та ПТР талдауы жиынтығындағы зондқа талдау жасалған бейнеден кейін шыққан. Зондтан алынған талшықтардың бір бөлігі күміс реңкті болған, сондықтан кейбір пайдаланушыларға талшықтар тірі сияқты болып көрінген.
Алайда, синтетикалық талшықтардың қозғалысы олардың тірі екендігінің белгісі емес. Биоматериал алуға арналған стиктердің бастары полиэстерден немесе вискозадан жасалады. Бұл материалдарда статикалық заряд жиналады, бұл олардың қозғалуына әкеледі. Сонымен қатар, жіңішке талшықтардың қозғалысы адамдар сезбейтін желден туындауы ықтимал.
Фейк:«ПТР-талдауына биоматериалдар алуға арналған стиктен нанороботтар табылды»
Медициналық маскалар да полипропилен талшықтары – спанбондтан тұратын синтетикалық тоқыма емес материалдардан жасалады.
Аса берік, жоғары және төмен температура мен ылғалдылыққа төзімді болғандықтан бұл материал медицинадан басқа салаларда да қолданылады. Бір реттік киім, құрылыс мембраналары, жылыжайларға арналған жабын материалы және т.б. спанбондтан жасалады. Бұл өнімдердің түсі медициналық маска талшықтары сияқты түрлі түсті, соның ішінде қара түсті болуы мүмкін.
Демек, видеода көрсетілген қара бөлшектер сол зауытта немесе фабрикада жасалған басқа өнімдерден маскаға түсіп кетуі мүмкін. Кейбір талшықтардың қозғалуын, кейбірінің қозғалмауын осылай түсіндіруге болады. Видеода қара талшықтардың өзгеше екендігі, олардың басқа талшықтар сияқты масканың бір бөлігі еместігі және негізгі бетпен бекітілмегені анық көрінеді. Сондықтан, роликтің авторы маскаға үрлегенде, бос талшықтар қозғалады.
Қара талшықтар наноботтар болуы мүмкін деген теорияға ешқандай дәлел жоқ.
Талшықтардың тірі моргеллон құрттары екендігі де негізсіз. Моргеллон ауруының бар екендігі дәлелденбеген. Morgellons терминін алғаш рет ұсынған Мэри Лейтаоның теориясына сәйкес, бұл ауруға шалдыққан науқастар көбінесе тері астынан құрттар мен жәндіктер шағып алады деп шағымданады. Дегенмен, сарапшылардың басым бөлігі, соның ішінде психиатрлар мен дерматологтар, мұндай белгілер басқа белгілі аурулардың симптомдары, олардың ең бастысы – дерматозойлық делирийдің белгісі болып табылады деген ортақ пікірде.
Моргеллон ауруының бар екендігін жақтаушылар көбінесе киім бөлшектерін, түктерді, тері бөлшектерін, өсімдік фрагменттерін және т. б. құрттар деп ойлайды.