Fake News

Құжаттардағы QR-кодтар адамның тауар белгісіне айналатынының белгісі емес

Қазнет пайдаланушылары құжаттардағы QR-кодтар «цифрлық белгі» және ол адамдарды тауар белгілеріне айналдыруда деп жорамалдауда. Баланың туу туралы куәлігіндегі кодты көріп, «Википедиядағы» мақаланы оқып шыққан соң, олар осындай қорытынды жасаған.

Теорияны «дәлелдейтін» фотода Ресей Федерациясының азаматы, баланың туу туралы куәлігінің бір бөлігі көрсетілген. Оны шеттеріндегі оюлардан және қағаздың түсінен байқауға болады. Қазақстандықтардың туу туралы куәліктері басқаша.
Бұдан әрі пайдаланушылар «QR-код» терминінің өзі «Denso» жапон компаниясының тіркелген сауда белгісі» деп жазылған онлайн-энциклопедиядан жасалған скриншотпен бөліседі. Бұл кодтарды қолданушылардың бәрі компанияның сауда белгісіне айналады деген сөз емес. Мысалы, iPhone смартфондарының барлық иелері Apple компаниясының меншігіне айналмайды.
QR коды – штрихкодтың бір түрі. Тік сызықтары бар әдеттегі кодтан айырмашылығы, QR-да көп ақпарат сақталады және оны пайдалану ыңғайлы.
Қазіргі кезде QR-кодтар барлық жерде қолданылады. Олар көбінесе әртүрлі өнімдердің пакеттеріндегі бір өлшемді штрихкодтарды алмастырады, мұражайларда экспонаттардың жапсырмаларына басылады, мұндай кодтары бар тақтайшалар тарихи ғимараттарға, монументтерге, ескерткіштерге және т.б. жерлерге бекітіледі. QR-кодтарды смартфон камерасының көмегімен оқып, объектілер, тауарлар немесе қызметтер туралы ақпараты бар сайттарға өтуге болады.
QR-кодтар электронды базадан құжаттарда оңай табу, ақпаратты өңдеуді жеңілдету, осы құжаттардағы ақпаратты қолмен енгізу кезінде оператордың қателіктерін болдырмау үшін қолданылады. Осындай штрих-кодтар құжаттың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді.
Қазақстанда QR-кодтар пайдаланушы өз бетінше басып шығара алатын электрондық құжаттарға басылады. Бұл жағдайда код құжаттың заңды түрде берілгендігін растайды.
Мұндай кодтарды концерт, театр, мұражай билеттерінен, қала ішіндегі және қалааралық көліктерге арналған жол жүру құжаттарынан және т.б. көруге болады. Әдетте, бұл жағдайда штрихкод оқиға немесе сапар туралы толық ақпаратты, сатып алушының атын немесе билеттің өзіндік нөмірін қамтиды. Бұл деректер оның түпнұсқалығын тексеруге де көмектеседі.
Қорыта айтқанда, QR код – бұл бәріміз дағдыланған штрихкодтардың қарапайым жаңа, ыңғайлы және заманауи нұсқасы. Оны пайдалану адамдарды немесе заттарды сауда белгілеріне айналдырмайды және оларды қандай да бір корпорацияның меншігіне өткізбейді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button