Fake News

Ресейде фейк ақпарат таратқан үшін қалай жазалайды

Жаңалық ретінде жалған ақпарат тарату Қазақстаннан басқа мемлекеттерде де орын алатын жағдай. Бұл әлемдік деңгейдегі мәселе. Reuters халықаралық агенттігінің хабарлауынша, жуырда Facebook әлеуметтік желісі зиян келтіруі мүмкін коронавирус туралы 7 миллионға жуық фейк мәтінді өшірген.

Күллі әлемде фейк-ньюспен күрес мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Кейбір елдерде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқаны үшін айыппұл салынса,  басқа елдерде қамауға алу қарастырылған.

Stopfake редакциясы апта сайынғы айдарын көрші мемлекеттер мен шет елдердің фейк ақпаратпен күресу тәжірибесін зерттеуге  арнайды. Бүгін Ресей Федерациясына тоқталамыз.

 Заң

РФ Президенті Владимир Путин 2019 жылдың 18 наурызында шындыққа жанаспайтын қоғамдық маңызды ақпаратты таратуға тыйым салу туралы заңдар топтамасына қол қойды. Құжат бойынша «Ақпарат,  ақпараттық технологиялар және ақпаратты қорғау туралы» заңның баптарына өзгертулер енгізілді.

«Заң ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде азаматтардың өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлкіне зиян келтіру қаупін, қоғамдық тәртіпті және (немесе) қоғамдық қауіпсіздікті жаппай бұзу қаупін не тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің, көлік немесе әлеуметтік инфрақұрылының, кредиттік ұйымдардың, энергетика, өнеркәсіп немесе байланыс объектілерінің жұмысына кедергі жасау немесе олардың жұмысын тоқтату қаупін туғызатын шындыққа жанаспайтын қоғамдық маңызы бар ақпаратты таратуға тыйым салады», — делінген құжатта.

 Айыппұлдар

«Фейк жаңалықты» таратқаны үшін белгіленген айыппұл мөлшері 30 мыңнан 1,5 миллион рубльге дейін. Қазіргі бағаммен теңгеге аударып есептегенде, сәйкесінше 168 мың теңгеден 8,4 млн теңгеге дейін. Заңды тұлғалар да, қарапайым азаматтар да жазаланады. Тіпті сайт болсын, әлеуметтік желідегі жеке парақша болсын, жалған ақпараты бар ресурс бұғатталады.

Бірінші рет заңбұзушылық жасағаны үшін жеке тұлғалар 100 мың рубльге дейін, заңды тұлғалар 500 мың рубльге дейін әкімшілік айыппұл төлейді.

Сонымен қатар, егер жалған ақпаратты таратқан кезде денсаулыққа, мүлікке зиян келтірілсе немесе бұл адамның өліміне әкеп соқтырса, онда азаматтар 300-400 мың рубль, заңды тұлғалар 1 млн — 1,5 млн рубль мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеуі керек.

Айта кетейік, барлық жағдайларда «құқықбұзушылық затын», яғни фейк таратқан құрылғыны тәркілеу қарастырылған. Ал құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері артады.

«Фейк» істері

Ресейде фейк ақпарат тарату туралы заң шеңберіндегі алғашқы іс Архангельскіде қоғамдық белсенді Елена Калининаға қатысты қозғалды. Бұған әлеуметтік желіде билік органдарымен келісілмеген қоқыс полигонын салуға қарсы митинг туралы жарияланған пост себеп болды.

Айыпталушыға БАҚ-та «көлік инфрақұрылымының жұмысына кедергі келтірген жалған қоғамдық маңызды ақпарат» таратты деген айып тағылды. Ал «Момент истины» баспа үйі мен оның бас редакторы Евгений Гнеушевке әкімшілік айыппұл салынды.

ТАСС хабарлағандай, сот «Момент истины» баспа үйін РФ Әкімшілік кодексінің 13.15-бабының 9-бөлімі    («Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін теріс пайдалану») бойынша айыпты деп таныды және 200 мың рубль мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды, сондай-ақ басылымның бас редакторы Гнеушев 60 мың рубль мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлейтін болды.

Баспа үйі 2019 жылдың тамызында YouTube-те жазғы акциялар туралы видеолар жариялаған. Олардың бірі «Срочно! В России готовит революцию Майдан» деп аталды. Сондай-ақ өз парақшаларында осы видеоларға гиперсілтемелер берген.

КОРОНАВИРУС ТУРАЛЫ ФЕЙКТЕР

Коронавирус пандемиясына байланысты әлеуметтік желілерді пайдаланушылар COVID-19 туралы көптеген жалған ақпарат тарата бастады. Интерфакстың мәліметінше, сәуір айының басында ресейлік БАҚ-та коронавирус туралы хабарламалар саны рекордты көрсеткішке жетті – жарияланымдардың 43%-ы осы індетке арналды.

Осыған орай, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жалған ақпаратты таратқаны үшін белгіленген жаза күшейтілді. Әкімшілік айыппұлдар ғана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.

«Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар туралы және (немесе) халық пен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар, аталған жағдайлардан қорғаудың тәсілдері мен жолдары туралы көрінеу жалған ақпаратты шынайы хабарлама түрінде тарату үш жүз мыңнан жеті жүз мың рубльге дейін  немесе сотталған адамның бір жылдан он сегіз айға дейінгі еңбекақысы немесе басқа табысы мөлшерінде айыппұл салуға, немесе 360 сағатқа дейін міндетті жұмыстарға тартылуға, немесе бір жылға дейін түзеу жұмыстарына немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге әкеп соғады», – делінген РФ Қылмыстық кодексінің 207-1-бабында.

RBC-ның хабарлауынша, 2020 жылдың наурыз- маусымында ресейлік соттар қауіптер туралы жалған ақпарат таратуға байланысты істер бойынша өндіріп алған айыппұлдер көлемі 1,4 миллион рубльді құрады. 2020 жылдың 3 сәуірі мен 9 маусым аралығында құқық қорғау органдары елдің 24 өңірінде 33 қылмыстық іс қозғады (ҚК 207.1-бабы).

Басқа жаңалықтар

Back to top button