Қазақстандықтар санитарлық өңдеуді газ камераларындағы өлім жазасына теңеуде. Бұл манипуляция
Қазнет пайдаланушылары қоғамдық орындарды санитарлық өңдеуге наразы. Кейбіреулері Алматыда санитарлық өңдеу үшін қолданылатын хлордың 3% ерітіндісі улы және өкпені күйдіріп жіберуі мүмкін деп мәлімдейді. Олардың пікірінше, бұл «ауруханадан тыс пневмония».
Біріншіден, ауруханадан тыс пневмония – бұл медициналық мекемеден тыс басталған пневмония. Оның пайда болу себептері әртүрлі болуы мүмкін. Бұл тезис – қырғызстандық блогер атипті пневмонияның өкпенің күйіп қалуы екенін дәлелдегені туралы фейкке сілтеме екені анық. Бұл жаңсақ пікір екендігін біз бұған дейін жазған болатынбыз.
Екіншіден, Қазақстанда дезинфекциялау үшін улы, уыттылығы жоғары немесе денсаулыққа қауіпті заттар пайдаланылмайды. Бұл туралы ҚР санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бірнеше рет хабарлаған.
Қазақстанда денсаулыққа қауіпті дезинфекциялық заттар қолданылмайды
3% хлор ерітіндісі Қазақстанда пандемия басталғанға дейін де медициналық және басқа мекемелерді дезинфекциялау үшін қолданылып келген. Ол кезде бұл «өкпенің күйіп қалуы» мүмкін екендігі туралы алаңдаушылық тудырмаған. Қазіргі кезде еліміздің Бас Санитарлық дәрігері COVID-19 пандемиясымен күрес аясында ашық беттерді зарарсыздандыру үшін осы ерітіндіні пайдалануды ұсынуда. 2020 жылы қоғамдық орындарды санитарлық өңдеуге ұсынылған дезинфекциялық құралдармен улану жағдайлары тіркелмеген.
Үшіншіден, қоғамдық орындарды санитарлық өңдеуді нацистік концлагерьлердегі газ камераларымен салыстырған дұрыс емес. Концлагерьлерде тұтқындарды өлтіру үшін хлордың ешқандай түрі қолданылмаған. Оның орнына тұншықтырғыш газ және кристалды цианид сутегі сияқты әлдеқайда қауіпті, өлімге әкелетін газдар пайдаланылған.
Сондай-ақ, нацистік лагерлерде газ камералары адамдарды өлтіру үшін қолданылды. Қазақстанда қоғамдық орындарды санитарлық өңдеу COVID-19 жұқтыру қаупін азайту мақсатында жүргізіледі. Мұндай шаралар ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес келеді және оның тиімділігі дәлелденген.
Сырқаттанушылықтың өсуі мен қоғамдық орындарды дезинфекциялаудың өзара байланысы туралы ақпараттар Желіде бұған дейін де тараған. Оларды дәрігерлер, ғалымдар және фактчекерлер жоққа шығарған болатын.