Жапон профессоры коронавирустың қолдан жасалғандығы туралы айтпаған
Әлеуметтік желі қолданушылары жапон физиология профессорының мәлімдемесі туралы хабарламамен бөлісуде. Иммунолог Тасуку Хондзе коронавирустың қолдан жасалғандығы туралы мәлім еткен екен.
Шындығында, бұл жаңа фейк. Хабарлама қазақстандық әлеуметтік желілерде 2020 жылы жазда тарады, бұған дейін ол әлемнің түрлі елдерінің пайдаланушыларының парақшаларында және түрлі тілдерде жарияланып үлгерген.
Бұл жазбалар профессор Тасуку Хондзенің коронавирус Ухань зертханасында шығарылған деген сөздеріне негізделген.
«Егер вирус табиғи болса, ол тек суық жерлерде таралады және ыстық жерлерде өледі. Мен 40 жылдан астам уақыт бойы жануарлар мен вирустарды зерттеп келемін. Мұндай вирус табиғи емес!»– делінген ғалымның атынан.
Жарияланымдардың авторлары Нобель сыйлығының лауреаты мұндай мәлімдемені қайда және қашан жасағанын нақтыламайды. Дереккөздерге сілтемелер де жоқ. Snopes.com-дағы әріптестеріміз @TasukuHonjo деп аталған және осыған ұқсас мәлімдеме жарық көрген парақшаны тапқан. Бірақ ол верификацияланбаған және жоғарыда аталған пост пайда болғанға дейін бірнеше күн бұрын ашылған. Ал кейін мүлдем жойылған.
2020 жылғы 27 сәуірде профессор Тасуку Хондзе Киото университетінің сайтында ресми түрде мұндай мәлімдемелер жасамағанын хабарлады.
«COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған қиындықтар, экономикалық шығындар және бұрын-соңды болмаған жаһандық мәселелерден кейін менің атымды және Киото университетінің атын жалған айыптаулар мен жалған ақпарат тарату үшін қолданылғандығы өте өкінішті. Бұл бәріміз үшін, әсіресе өз мансабын алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеулерге арнаған адамдар үшін осы ортақ жаумен бірге күресетін уақыт. Бауырларымыздың өмірін сақтап қалу үшін күш-жігерімізді бір сәтке де кешіктіре алмаймыз. Бұл кезеңде біздің барлық энергиямыз науқастарды емдеуге, қайғы-қасіреттің одан әрі таралуын болдырмауға және жаңа бастамаларды жоспарлауға бағытталуы тиіс, аурудың пайда болуы туралы негізсіз мәлімдемелердің таралуы қатты алаңдатады», – делінген университеттің ресми сайтында.
Қазіргі уақытта SARS-CoV-2 коронавирусының қолдан жасалғандығы туралы ғылыми дәлелдер жоқ.