Fake News

Алаяқтар Kaspi.kz қызметкерлері болып қазақстандықтардың ақшасын иемденуде

Қазақстанда Kaspi.kz атынан әрекет ететін алаяқтар тағы да шықты. Олар өздерін қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріміз деп таныстырып, шоттардағы ақшаны ұрлайды.


Қазнет қолданушылары алаяқтықтың осындай схемасы туралы айтуда. Көп жағдайда «қауіпсіздік қызметкерлері» пайдаланушыларға қоңырау шалып, «алаяқтардың шабуылы» туралы хабарлайды. Содан кейін, қаражатты сақтап қалу үшін олар барлық ақшаны жаңа шотқа аударуды ұсынады. Ол үшін пароль мен кодтарды айтуды сұрайды, нәтижесінде сенгіш азаматтардың ақшасын иемденеді.

Kaspi.kz-тің Facebook-тегі ресми парақшасында мұндай жағдайда не істеу керектігі және банктің нақты қызметкерлерін алаяқтардан қалай ажыратуға болатындығы туралы видео бар.

– Ѕмѕ хабарламада кодтың (алаяқтар хабарлауды сұрайтын – авт) қандай операция жүргізу үшін жіберілгені анық жазылған. Сіз ол операцияны жүзеге асырып жатырсыз ба? Жоқ? Демек, оны басқа біреу орындап жатыр. Егер хабарламада: «кодты ешкімге айтпаңыз» деп жазылып тұрса, оны ешкімге айтуға болмайды. Банктің қауіпсіздік қызметкеріне де. Оның қызметкер еместігі анық. Есіңізде болсын: нақты қызметкерлер сізден SMS-тегі кодты, жеке кабинеттің паролін немесе картаның пин-кодын ешқашан сұрамайды, – дейді видеороликте Kaspi.kz желілік қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Ілияс Өтелбаев.

Егер «банк қызметкерлері» сізге қоңырау шалып, осы мәліметтерді хабарлауды сұраса, Kaspi.kz қауіпсіздік қызметі телефонды қойып, 9999 номері бойынша банктің ресми call-орталығына қоңырау шалып, операторлардан ақпаратты нақтылауға кеңес береді.

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button