Медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Бочкова: «маска тағу дерматиттің, әсіресе герпестің шығуына тікелей себеп бола алмайды»
Маска тағуға қарсы қазақстандықтар әлеуметтік желілерде маска мен қолғап киюдің жағымсыз салдары туралы пікірлер жинауда. Адамдар қорғаныс құралдары тері проблемаларын тудырады деп жазған. Маска тағудан дерматит пен герпес, ал қолғаптан қолға сүйел шыққан. Бұлай болуы мүмкін бе? Маска мен қолғап зиян тигізбеуі үшін қандай ережелерді сақтау керек? Stopfake.kz бұл туралы дерматовенеролог, медицина ғылымдарының кандидаты Наталья Бочковамен әңгімелесті.
«Жазылушыларымыздан және басқалардан маска мен қолғап киюдің жағымсыз салдары, денсаулығыңызға әсері туралы, direct-ке жазуыңызды сұраймыз», – делінген Instagram-дағы хабарламада.
Шағымдардың басым бөлігі тері проблемаларына қатысты. Адамдардың пікірінше, бет маскаларын киюден бөртпе пайда болған, дерматит басталған, кейбіреулер маска тағудан герпес шықты деп жазған. Дерматовенеролог Наталья Бочкова мұндай аурулардың себебі әлсіз иммунитет пен ауруларға бейімділіктен туындайтынын айтты.
– Маска тағу тері дерматитінің және герпестің дамуына тікелей әсер етпейді. Егер тері иммунитеті жақсы болса, онда ештеңе болмайды. Ал егер адамның дерматитке бейімділігі бар болса, бұл басқа – дейді дәрігер.
Наталья Бочкова дерматологиялық ауруларға бейім адамдарға бір реттік маскаларды кем дегенде әр 1,5-2 сағат сайын ауыстыруды ұсынады. Егер оның дымқыл екенін байқасаңыз, масканы бірден ауыстырыңыз. Бір реттік масканы қайта пайдалануға болмайды. Көп реттік маскаларды таңдағанда, дәрігерлер ауа өткіетін мақта маталарын таңдауға, күні бойы оны ауыстырып отыру үшін бірден бірнеше данасын сатып алуға кеңес береді. Қайта пайдалануға болатын маскаларды қолданғаннан кейін оны жуып, үтіктеу керек.
Терінің тітіркенуінің алғашқы белгілерінде арнайы жақпа мен кремдерді қолданған жөн.
– Дерматит кенеттен басталмайды, алғашқы белгілерді жіберіп алмау керек. Мысалы, құрғақ қышу, қызару, терінің сәл қабыршақтануы. Алғашқы белгілер пайда болған кезде бұл жерді үш күн бойы кемінде күніне бір рет гормоналды жақпа майын жағу керек (дәрігердің нұсқауымен), эмоленттерді – құрғақ, тітіркенген, атопиялық теріге арналған арнайы ылғалдандыратын кремдерді қолданыңыз, – дейді Наталья Бочкова.
ДДСҰ масканы қолданар алдында оның сөйлесу және жылдам жүру кезінде еркін дем алуға мүмкіндік беретініне көз жеткізуге кеңес береді. Масканы тағар алдында немесе шешкенде қолыңызды сабынмен жуыңыз немесе құрамында спирт бар өніммен өңдеңіз.
Кейбір адамдардың пікірінше, қорғаныс қолғаптары да тері проблемаларын тудырады -дерматит пен сүйелдер шығады. Наталья Бочкованың айтуынша, сүйелдердің пайда болуының этиологиясы (себебі) вирустық. Байланыс дерматитіне келер болсақ, ол үнемі және ұзақ уақыт бойы қолғап киіп жүретін адамдарда болуы мүмкін.
– Егер адам супермаркеттен 15-20 минут ішінде өнімдер сатып алу үшін қолғап киген болса, онда оның терісіне ештеңе болмайды. Қолғаппен ұзақ уақыт жұмыс істеуге тура келетін адамдарға гипоаллергенді латекссіз, вискозасы жоғары полимерлі жабынсыз қолғаптарды пайдалану ұсынылады. Алдымен қолыңызды хлоргексидинмен немесе Е дәрумені, алоэ вера қосылған гипоаллергенді лосьонмен өңдеңіз, қолыңызды әбден құрғатқан соң қолғап киіңіз», – дейді Наталья Бочкова.