Fake News

Дәлелсіз: «Күннен қорғайтын кремдер тері обырын тудырады»

Әлеуметтік желілерде тері қатерлі ісігінің көбеюі күннен қорғайтын косметикалық құралдар сатылымының артуымен байланысты деген хабарлама тарады. Яғни, меланоманың таралуына күн сәулесі мен күнге күю емес, кремдердің құрамындағы уытты заттар себеп деген пікір айтылады. Алайда бұл шындыққа жанаса ма? Тексеріп көрейік.

Меланома – бұл тері жасушаларында (меланоциттерде) дамитын қатерлі ісік түрі.

Әдетте күн сәулесіне тым жиі ұшырайтын дене бөліктерінде пайда болады – бет, арқа, қол мен аяқ. Кейде көзде, сирек жағдайларда – көмейде немесе мұрын қуысында да қалыптасуы мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, меланоманың ең кең таралған себебі – ультракүлгін (УК) сәуле. Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің (NHS) мәліметінше, УФ сәулесі теріге зақым келтіріп, қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.

Қатерлі ісікті зерттеудің халықаралық агенттігі УК сәулені адам үшін канцероген деп жіктеген. Бұл деректі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) есептері де растайды. ДДҰ болжамынша, егер УК сәулеге әсер етуді азайту бойынша шаралар қабылданбаса, 2040 жылға қарай меланома жағдайларының саны әлемде жарты миллионға дейін өсуі мүмкін.

УФ-сәуленің негізгі көзі – күн сәулесі, ал жасанды көздері – солярийлер.

Күннен қорғайтын кремдер қатерлі ісік туғызады деген миф интернетте бұрыннан бері таралып келеді. Бұл пікір кейбір кремдердің құрамынан бензол атты химиялық зат анықталған соң тарала бастаған.

Қазіргі таңда бензол күннен қорғайтын құралдарда өте сирек кездеседі және заманауи формулалар қауіпсіз деп саналады.

Дегенмен кейбір күннен қорғайтын кремдердің құрамында октокрилен атты синтетикалық УК-фильтр болады. 2021 жылғы зерттеуге сәйкес, бұл зат уақыт өте келе бензофенонға ыдырайтыны белгілі.

Бензофенон жануарлар үшін канцерогенді болуы ықтимал. Ал адамдар үшін канцероген екені ғылыми дәлелденбеген.

Дерматологтар құрамында октокрилен бар, өткен жылдан қалған кремдерді пайдаланбауға кеңес береді. Әр жылы жаңа крем сатып алған дұрыс.

2023 жылы немістің DW ақпараттық-сараптамалық порталы бұл тақырыпқа қатысты фактчекинг жасап, сарапшылардың пікірін сұрады.

Дерматолог Ута Шлоссбергер «Күннен қорғайтын кремдер құрамында канцерогенді заттар жоқ» деді. Оны АҚШ докторы Хоуп Митчел де қолдады: «күннен қорғайтын кремдердің қатерлі ісік туғызатынына ешқандай дәлел жоқ».

Сарапшылардың айтуынша, күннен қорғайтын кремдерден келетін қауіп ультракүлгін сәулелерден келетін қауіппен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қазіргі таңда күннен қорғайтын кремдердің меланомаға себеп болатынын дәлелдейтін нанымды ғылыми деректер жоқ. Ал күн мен солярийден таралатын ультракүлгін сәулелердің тері қатерлі ісігін тудыратыны – ғылыми түрде дәлелденген факт.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button