Дәлелсіз: «Қант диабетін 48 сағат ішінде спиртпен емдеуге болады»

Желіде бәрін емдей алатын халық медицинасының рецептілері көп. Танымал Instagram аккаунттарының бірінде спирт пен аш жүру арқылы қант диабетінен арылу ұсынылған. Бұл әдіс 100 жылдан бері бар екен, ал емделугу 48 сағат уақыт қажет екен. Бұл тексерілмеген әдіске сенуге бола ма, анықтайық.
Дәлел ретінде пост авторы әйгілі израильдік эндокринолог Шмуэль Левиттің әріптестермен зум байланысы арқылы өткізілген талқылауынан үзінді келтіреді. Профессор мамандармен екінші типтегі қант диабетін емдеудегі тәжірибесімен бөліседі. Атап айтқанда, ол 100-150 жыл бұрын қант диабетін қалай емдегенін айтады. Бұрын бұл аурумен қалай күресу керектігін білмегендіктен, спирт қолданылған. Левит спирттің әсерін метформинмен салыстырады. Бұл екінші типті қант диабеті кезінде таблетка түрінде қабылданатын қантты төмендететін құрал. Сондай-ақ, инсулинге төзімділіктен арылу үшін 48 сағат бойы аш жүрген.
Егер видеоларды түгел тыңдасаңыз, доктор Левит қант диабетін спиртпен және тамақ жемей емдеуге шақырмағанын түсінесіз. Ол медицинаның заманауи жетістіктеріне негізделген өз техникасын әзірлеген. Ал пост авторы «қант диабеті» сөзін пікірге жазғандардың бәрімен «ерекше» әдіспен бөлісетінін айтады. Белгісіз біреудің рецептісіне сенбес бұрын, ойланыңыз, себебі бұл денсаулығыңызға қауіпті болуы мүмкін.
Бүгінгі таңда қант диабеті – ең көп таралған эндокриндік аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 1990 жылдан 2022 жылға дейін қант диабетімен ауыратын адамдардың саны 200 миллионнан 830 миллионға дейін өскен.
Қант диабеті – қандағы глюкоза деңгейі тым жоғары болатын зат алмасу ауруларының тобы.
Әдетте ұйқы безі шығаратын инсулин гормоны жасушаларға глюкозаны сіңіруге көмектеседі және организмдегі көмірсулар алмасуын реттейді. Бірінші типтегі қант диабетінде инсулин жеткіліксіз, ал екінші типтегі қант диабетінде жасушалар оған қарсы иммунитетке ие болады. Аурудың белгілері: кіші дәретке жиі бару, шөлдеу және аштықты сезіну. Емделмесе, қандағы қанттың жоғары деңгейі жүрек, қан тамыр, жүйке жүйесі ауруларына, аяқ пен көру проблемаларына әкелуі мүмкін.
Бірінші типтегі қант диабетін толық емдеу мүмкін емес. Бұл аутоиммунды созылмалы ауру. Қандағы қант деңгейін ұстап тұру үшін адам өзінің жағдайын үнемі бақылап, инсулин енгізуі керек.
Екінші деңгейдегі қант диабетіне келетін болсақ, оны емдеу мүмкін емес, бірақ оны бақылауға алуға болады. Ол үшін аурудың дамуына не себеп болғанын түсіну керек. Жасушалардың инсулинге сезімталдығы мен ұйқы безінің осы гормонды өндіруіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Олардың арасында семіздік, ұйқы безінің патологиясы, аса белсенді болмау, тұқым қуалаушылық бар.
Қант деңгейін қалыпқа келтіруге болады, бірақ бұл үшін диетаны өзгертіп, көп қозғалу керек. Ал интернеттегі «мамандардың» кеңестері бойынша аш жүру қажет емес. Бірінші типтегі диабетиктерде көмірсулар алмасу жүйесі бұзылған. Тамақтан бас тарту хал-ахуалдың нашарлауына әкелуі мүмкін. Ал екінші типтегі қант диабетімен ауыратын науқастар дәрігерлердің бақылауымен дұрыс тамақтану арқылы, дәрі-дәрмек мөлшерін азайта алады.
2017 жылы Ньюкасл университетінің мамандары The Lancet журналында емделу мақсатында аш жүру және арнайы диеталық бағдарлама екінші типтегі қант диабетімен күресуге көмектесетінін дәлелдеген зерттеу жариялады. Науқастар толық емделмейді, бірақ ремиссияға жетуі мүмкін. Алайда, диабетиктер дұрыс тамақтанбаса, ауру қайта оралады.
Joslin Diabetes Center бас дәрігері Роберт Габбей «арықтай алатын адамдар… қандағы қант деңгейін жақсы бақылайды, сондай-ақ ауру ушығып кетпесе, кейде инсулиннен де бас тартады» дейді.
Оның айтуынша, бариатриялық операциядан өткен науқастар жақсы мысал бола алады. Олар айтарлықтай салмақ жоғалтады, ал кейбіреулері барлық дәрі-дәрмектерден бас тартады.
Ғалымдар алкогольдің қант диабетімен ауыратын науқастарға қалай әсер ететінін анықтады. 1998 жылғы зерттеу оны тұтыну қандағы қантты бақылауды нашарлатуы мүмкін екенін дәлелдеді. Мысалы, алкоголь ішудің салдарынан жақсы тамақтанатындарда қант жоғарылауы, ал жеткілікті тамақ іпегендерде тым төмендеп кетуі мүмкін. Сондай-ақ қанда зиянды қышқылдардың жиналуына әкелуі ықтимал, бұл денсаулыққа қауіпті. Сонымен қатар, алкоголь қант диабетінің асқынуын ушықтырып жібереді.
Қант диабетін емдеу интернетте табылған күмәнді әдістермен ғана емес, дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек екені анық. Аш жүру және алкоголь ішу қант диабетімен ауыратындар үшін қауіпті, өйткені бұл қандағы қант деңгейінің күрт өзгеруіне әкелуі мүмкін. Емдеу мәселесіне әрқашан сыни тұрғыдан қарап, дәлелденбеген емдеу әдістеріне сенбеңіздер.