Fake News

Фейк: «Суды қайта қайнатқан қауіпті»

Қазнетте суды тек бір рет қана қайнатуға болатындығы туралы ақпарат тарады. Қайта қайнаған су денсаулыққа қауіпті, өйткені адам ағзасында зиянды заттар қалыптасады екен: мышьяк, фторидтер, нитраттар. Анықтайық.

Қайнату – суды тазартудың ең кең таралған әдістерінің бірі. Ол құрамында болуы ықтимал бактериялар мен вирустарды тиімді жояды. Цельсий бойынша 100 градусқа дейін қыздырғанда судың сапасы жақсарып, кейбір қоспалар азаяды.

2020 жылы Water & Health журналында Қытай ғалымдарының зерттеуі жарияланды. Олар суды бірнеше рет және ұзақ уақыт қайнату минералды тұздардың, нитраттардың және ауыр металдардың деңгейіне қалай әсер ететінін анықтаған.

Екі эксперимент жасалды. Біріншісінде 15 литр су қайнатылып, осы температурада 3 минут ұстағаннан кейін салқындатылған. Осыдан кейін суды қайта қайнатып, бүкіл су буланып кеткенше қайнатқан.

Екінші экспериментте суды шамамен 6 сағат бойы тоқтаусыз қайнатқан. Ғалымдар бүкіл су буланып кеткенше, әр 20 минут сайын талдау үшін 500 мл суды алып отырған.

Айта кетейік, бұл эксперименттерде су әдеттегі жағдайларға қарағанда әлдеқайда жиі және ұзақ қайнатылған

Ғалымдар суды 44 көрсеткіш бойынша бағалаған, оның ішінде, РН, минералдар, нитраттар, ауыр металдар және микроорганизмдер бар. Қайнау процесінде қатты еріген заттардың жалпы санының, сондай-ақ калий, магний, хлор және нитрат концентрациясының өсуі байқалды. Алайда, рН-тан басқалары рұқсат етілген нормалар шегінде қалған, ал рН сілтілік бағытта сәл өзгерген ­- 8,5-тен 8,9-ға дейін.

Қазақстанда рН көрсеткіші 6-дан 9-ға дейінгі диапазонда норма болып саналатынын атап өткен жөн.

Сонымен қатар, елімізде су көздерінің ластануы үнемі тексеріліп отырады, ал судың өзі тұтынушыға жетпес бұрын тазартылып, зарарсыздандырылады.

Әрине, мышьяк, фторид және нитраттар өте қауіпті және жоғары дозада өлімге әкеледі. Мышьяк өлімге әкелуі мүмкін, ғалымдар нитраттар мен фторид салдарынан қатерлі ісік сияқты ұзақ мерзімді аурулар болуы мүмкін дейді.

Алайда, бұл заттар өте жоғары концентрацияда ғана қауіпті. Шындығында, сумен жабдықтау көздерінде олар денсаулыққа қауіп төндірмейтін өте аз мөлшерде болады.

Бұған дейін суды қайта қайнату улы диоксин затының бөлінуіне байланысты қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін деген миф тараған. Фейкті бірден екі фактчекер – ресейлік «Лапша медиа» және өзбек factchecknet жоққа шығарды.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button