Дәлелсіз: «Жуылмаған банан жеп, Марбург вирусын жұқтыруыңыз мүмкін»
Қазнетте жуылмаған банан мен басқа да жеміс арқылы Марбург безгегін жұқтыруыңыз мүмкін деген ақпарат тарады. Вирус жемістің қабығында болады екен. Анықтайық.
Бұл ақпарат алғаш рет осы жылдың 9 қазанында «Вечерняя Москва» басылымының беттерінде шыққан. Жуылмаған бананнан Марбург безгегін жұқтыруға болатынын ресейлік инфекционист-дәрігері Сергей Вознесенский журналистке айтқан. Ол сатпас бұрын барлық өнімдер мұқият санитарлық бақылаудан өтетінін атап өтті. Дегенмен, жеміс пен көкөністі тұтынар алдында жууға кеңес береді.
«Бұл жемістің қабығындағы инфекциялық агенттің жұқтыру ықтималдығын азайтады», – деді Вознесенский.
Қауіпті Марбург вирусының ошағы туралы Руанда билігі 2024 жылғы 27 қыркүйекте хабарлады. Сол кезде осы елдің Денсаулық сақтау министрлігі ауру жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды жедел қадағалай бастады.
Марбург – Эбола тәрізді жұқпалы вирустық ауру, ол филовирустар тобына жатады. Емделмесе, ауру жұқтырған 10 адамның 9-ы қайтыс болады. Ем-домды ертерек бастаса, аман қалу ықтималдығы жоғары. Ғалымдардың пайымдауынша, Марбург вирусы жеміс жарғанақтарынан шыққан.
Айта кетейік, Марбург безгегі ауа-тамшы жолдарымен берілмейді. АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі федералды агенттігінің (CDC) мәліметтері бойынша, вирус адамдар арасында тығыз байланыс кезінде дене сұйықтықтары арқылы таралады: сілекей, тер, қан және т. б. Сондай-ақ, ауруды жарқанаттардың нәжісімен ластанған дұрыс жуылмаған жемісті жегенде жұқтыруға болады.
Руандада зардап шеккендердің көпшілігі денсаулық сақтау қызметкерлері. Олар Марбург вирусы расталған адамдармен тығыз байланыста болған.
Ресейлік вирусолог ғалымдар Сергей Вознесенскийдің мәлімдемесін жоққа шығарды және Африкадан банан тасымалдау кезінде вирус жойылады деп мәлімдеді. Новосібір мемлекеттік университетінің Бионанотехнология, микробиология және вирусология зертханасы, РҒА академигі Сергей Нетесов әріптесінің мәлімдемесін ғылыми фантастика деп атады.
Оны вирусолог, ММУ биология факультетінің вирусология кафедрасының профессоры Алексей Аграновский қолдады. Ол сырттан әкелінген жеміс арқылы Марбург вирусын жұқтыру ықтималдығы шамалы дейді. Оның пікірінше, қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет емес.
Марбург вирусы адамнан адамға дене сұйықтықтарымен өзара әрекет ету кезінде беріледі. Оны импортталған банан немесе басқа жеміс арқылы жұқтыру ықтималдығы төмен. Ғалымдардың атап өтуінше, вирус мұндай жағдайларда өзінің жұқпалылығын сақтамайды және жұқтыру қабілетін тез жоғалтады. Марбург безгегін жуылмаған банан арқылы жұқтыруға болатындығына ешқандай дәлел жоқ.