Алаяқтық

Алаяқтық схемалардағы делдалдар жауапқа тартылды

Алаяқтық схемаларға бірден бірнеше адам жиі тартылады. Солардың ішінде біреуі ғана нағыз қаскүнем, ал қалғандары делдалдар, олар кейде алдау әрекетіне қатысып отырғандарын білмейді де. Алайда, енді бұл жауапкершілікке тартылмауға негіз бола алмайды.

Биыл 14 наурызда ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қараған іс туралы хабарланды. Алаяқтардың құрбаны болған қазақстандық кассациялық сотқа жүгінген. Оның ісіндегі назар аударарлық жайт, нағыз алаяқтар әлі күнге дейін белгісіз болып қалуда, ал жәбірленуші залалды делдалдардан өндіріп алған.

Іс материалдарына сәйкес, әйелге полициядан хабарласып, біреулер оның пәтерін өз атына қайта рәсімдемек деп қорқытқан. Алдымен тәртіп сақшыларымыз, кейіннен ҚР Ұлттық Банкінің қызметкерлеріміз деп өздерін таныстырған телефон алаяқтары әйелге мүлкінің қауіпсіздігіне кепілдік беретін нұсқаулар беріп отырған. Нәтижесінде, әйел қорыққаннан әртүрлі банктерде бірнеше несие рәсімдеп, пәтерді төмен бағамен сатып, түскен ақшаны алаяқтар айтқан төрт түрлі карточкалық шотқа аударған. Осылайша, қылмыскерлер 19 миллион теңгені иемденіп кеткен, ал олардың құрбаны болған адам баспанасыз және банктерге қарыз болып қалды.

Алаяқтарға алданып қалғанын түсінген ол полицияға жүгінеді. Тергеу барысында жәбірленуші ақша аударған шоттар онымен мүлдем сөйлеспеген делдалдарға тиесілі екендігі анықталды. Тәртіп сақшылары нағыз қылмыскерлерді таба алмады.

Жәбірленуші сотқа жүгініп, аударымдар жасалған төрт картаның иесінен ақшаны қайтаруға міндеттеуді талап етеді.

Олар өз кезегінде ақшаның жоқ екенін алға тартып, оны қайтара алмайтындарын айтқан. Айтуларынша, картаға ақша түскен кезде біреулер қоңырау шалып, қате аударым жасалғанын жеткізген. Осылайша, олар қаражатты алаяқтар көрсеткен шоттарға «қайтарып», бұл жағдай туралы ұмытқан. Бірақ сот ісі басталғанға дейін.

Алғашқы екі инстанцияның судьялары осының бәрін ескере келе, карта иелерінен ақша өндіріп алудан бас тартқан. Ал Жоғарғы Сот басқаша шешім қабылдады.

Ақша аударылған адамдардың ешқайсысы банкке жүгініп, жіберушінің нақты кім екенін анықтап, оған ақшаны қайтаруға тырыспағандықтан, Сот Алқасының мүшелері карта иелерінің әрекеттерін негізсіз баю деп санауға болады деген қорытындыға келді.  Нәтижесінде олар жауапқа тартылып, зардап шеккен адамға келтірілген залалды толық көлемде өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, алаяқтық схемаларда делдал болған адамдар жауапқа тартылған істер қазақстандық соттарда қаралған болатын. Мәселен, Шымкент пен Петропавл қалаларында ЖК-ны жоқ тауарды сататын үшінші тұлғаларға жалға берген кәсіпкерлер сотталды.

Естеріңізде болсын, делдал болып қалмау үшін бейтаныс адамдардан түскен ақшаны көрсетілген деректемелер бойынша жібермеңіз. Аударымды жою немесе ақшаны қайтару қызметін пайдаланыңыз немесе банкке хабарласыңыз.

Сотталып кетпес үшін картаңызды және ЖК-ны жалға бермеңіз, бейтаныс адамдардан аударымдарды қабылдамаңыз және ақшаны басқа біреулерге аудармаңыз, немесе үшінші тұлғаларға банктік қосымшалардағы шотыңызға кіруге рұқсат бермеңіз. Бұл әрекеттер заңсыз және пайдадан гөрі көп қиындықтар әкелуі мүмкін.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button