Фейк: «Адамдарға өз аудандарынан жылына 2-3 рет қана шығуға рұқсат етіледі»
Instagram-да жақын болашақта адамдарды өз аудандарында қамап қояды, оларға жылына екі-үш рет қана одан тыс шығуға мүмкіндік беріледі деген ақпарат таралуда. Қазіргі уақытта насихатталып жүрген 15 минуттық қалалар тұжырымдамасы осыған негізделген екен. Бұл рас па, анықтайық.
Ескерту туралы постқа Еуропарламент депутаты Кристина Андерсонның видеосы тіркелген. Оның айтуынша, 15 минуттық қалалар тұжырымдамасы адамдарға мегаполистерде мүмкіндігінше ыңғайлы болу, тіпті автомобильдерден шығатын газдар шығарындыларын азайту үшін емес, адамдарды үйлері мен аудандарында қамап қою үшін қажет екен.
Кристина Андерсон қастандық теориялары мен жалған ақпаратты бұрын да белсенді түрде таратқанын атап өткен жөн. Мысалы, депутат ДДСҰ әлемді бақылауға алуға тырысады, ал COVID-19 пандемиясы алаяқтық деп мәлімдеген.
15 минуттық қала тұжырымдамасы іс жүзінде бар, оған сәйкес, мегаполистер шартты түрде аймақтарға бөлінеді, олардың әрқайсысында дүкендер, ауруханалар, мектептер, саябақтар, театрлар, кинотеатрлар, дәмханалар және аудан тұрғыны 15 минутта жаяу немесе велосипедпен оңай жете алатын басқа мекемелер мен орындар болады. Мұның бәрінің мәні, біріншіден, қалаларды адамдарға ыңғайлы ету, екіншіден, жолдардағы көліктердің санын азайту, соның нәтижесінде пайдаланылған газдар шығарындыларын төмендету.
Конспирологияны жақтаушылардың сөзінше, тұжырымдаманың тағы бір мақсаты бар – бұл адамдарды өз аудандарына қамап, қозғалысы мен өмірін бақылау. Бұлай ойлауға негіз жоқ. Тұжырымдаманың сипаттамасында да, ол енгізіліп жатқан жерлерде де адамдардың қозғалысына ешқандай шектеулер қойылмаған.
Сонымен қатар қастандық теориясын жақтаушылар 15 минуттық қалалар тұжырымдамасы бойынша сыртқы бақылау камералары көп және адамдарды үнемі бақылауда болады дейді. Бұған да дәлел жоқ.
Қорыта айтқанда, Кристина Андерсон нақты бар нәрсе туралы айтпай, қастандық теориясын таратуда. Мұндай хабарламаларға сенбеген жөн, өйткені олар негізсіз.