Фейк: «Қазақстанда мектептерде агрессияның күшеюіне түрткі болатын НҚА қабылдау жоспарлануда»
Әлеуметтік желілерде «Ашық НҚА» порталында мектептерде агрессияның бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін артуына түрткі болатын заң жобасы бар екендігі туралы ақпарат таратылуда. Оқу-ағарту министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікрін білдірді.
Хабарламада «Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицид превенциясынан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» деп аталатын нормативтік-құқықтық акті туралы айтылған.
Қазнеттегі жарияланым авторы мұндай жоспар АҚШ-та қабылданғанын және бұл мектептерде агрессияның күшеюіне әкелді деп мәлімдейді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мұның бәрі шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
– Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде «Ашық НҚА» порталында Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицид превенциясынан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасының орналастырылғандығы туралы таралған видеода жалған ақпарат ұсынылған. Кешенді жоспардың жобасы балалардың қауіпсіздігін, әл-ауқатын қамтамасыз етуге және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл жоба халық арасында кеңінен талқылау мақсатында «Ашық НҚА» порталында орналастырылды. Естеріңізге сала кетейік, ата-аналардың басқа да барлық адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге басым құқығы бар. Бұл құқық «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР кодексінің 70-бабында айқындалған», – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ АҚШ-та мектептердегі агрессия деңгейінің артуы қандай да бір заң жобаларын қабылдаумен байланысты екендігіне ешқандай дәлел жоқ.
Қорыта айтқанда, таралған ақпаратқа сенуге болмайды.