Фейк: «Эпилепсия – перзентханаларда әдейі ауру жұқтырудың нәтижесі»
Қазнетте тараған видеода ер адам эпилепсия – бұл аурухана ішінде ауру жұқтырудың нәтижесі деп айтады. Сонымен қатар ол жаңа туған нәрестелерге ауру әдейі жұқтырылады, ал медициналық мекемелерде вирустар мен бактериялар көп болғандықтан, ауруханаларды жауып, жаңаларын салу керек дейді. Бұл рас па? Анықтайық.
Видеодағы адам – Николай Левашов, әйгілі псевдоғалым, оккультист, өзін емші деп жариялаған және радикалды сектаның негізін қалаушы. Әр жылдары Левашов онкологиялық ісіктерді телепатикалық түрде алып тастай алатынын, нейтронды жұлдыздарды ой күшімен жылжытып, денеден тыс саяхат жасайтынын айтқан болатын.
Левашов өмірінің жартысын АҚШ-та өткізген, онда ол адамдарды «қатерлі ісіктен емдеген». Соның салдарынан кем дегенде үш адам қайтыс болды. Ол пациенттерді ісіктерді телепатикалық жолмен алып тастадым, оларға ешқандай емнің қажеті жоқ деген. Нәтижесінде ауру өлімге әкелетін дәрежеге дейін өршіген.
Яғни, мұндай адамның сөзіне сенудің қажеті жоқ. Сонымен қатар оның эпилепсия туралы сөздерінде ғылыми негіз жоқ.
Эпилепсия инфекция салдарынан дамуы мүмкін, бірақ Левашов айтқандай стафилококктан емес. Ғылымда менингит, АИТВ, энцефалит және кейбір паразиттік инфекциялардан кейін эпилепсия диагнозы қойылған жағдайлар толық сипатталған. Сондай-ақ генетикалық бейімділік, бас жарақаттары, мидың даму патологиялары, жатырішілік жарақаттар және ұрықтың даму бұзылыстары эпилепсияға себеп болуы мүмкін.
Стафилококк ересектерде де, нәрестелерде де эпилепсия тудырмайды. Оны жұқтырған кезде балаларда фолликулит, фурункулоз, импетиго, көздегі арпа, күйдірілген тері синдромы, жара инфекциясы және басқа аурулар дамуы ықтимал.
Таратылған видеода Левашов үш жыл ішінде кез келген медициналық мекемелерде ауру жұқтыру мүмкіндігі артады, тіпті оған барудың өзі қауіпті болатынын айтады. Бұл олай емес. Аурухана ішіндегі инфекциялар туралы бұрыннан белгілі және көп жылдан бері белсенді зерттеліп келеді. АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында мұндай инфекциялардың дамуына жол бермеудің және пациенттерді қорғау тәсілдері туралы он мыңнан астам зерттеу бар.
ДДҰ мәліметтері бойынша, дамыған елдерде пациенттердің тек 7%-ы ауруханаішілік инфекцияларды жұқтырады. Дамушы елдерде бұл көрсеткіш 10% құрайды.
Демек, Левашовтың сөздері расталмайды және ресми статистикаға қайшы келеді.
Оның эпилепсия – бұл перзентханаларда балаларға стафилококкты әдейі жұқтырудың нәтижесі деген теориялары дәлелсіз және ғылымға қарсы. Стафилококктар эпилепсия тудырмайды, ал аурухана ішінде инфекцияларды жоюға баса назар аударылады.