Фейк: «Желіде балалар миокардитінің жарнамасы көрсетілуде»
Қазнет пайдаланушыларының айтуынша, Желіде COVID-19-ға қарсы вакцина алған балаларда болатын миокардит жарнамасы көрсетіліп жатыр. «Дәлел» ретінде хабарламаға балалар миокардиті туралы айтылған ролик тіркелген. Бұл аурудың жарнамасы емес. Неге екенін түсіндірейік.
Тараған видеодан Нью-Йорк Пресвитериан ауруханасының логотипі мен атауын байқауға болады. Сондай-ақ роликте «Stay Amazing!» (Керемет бол! – ағылш.) деген жазу бар. Бұл – емдеу мекемесінің ресми сайтында жарияланған ұран.
Нью-Йорк пресвитериан ауруханасы – әлемдегі ең ірі және үздік ауруханалардың бірі, оның құрамына бес медициналық мекеме, соның ішінде балалар ауруханасы кіреді.
Пресвитериан ауруханасының әлеуметтік желілерде парақшалары бар, олар үнемі жаңартылып отырады. YouTube-тегі парақшадан дәрігерлердің де, мекеме пациенттерінің де қатысуымен түсірілген видеоларды көруге болады.
Роликте көрсетілген миокардитті жеңген қыз осы ауруханада емделген. Видеода миокардиттің неден болғаны және қыздың COVID-19-ға қарсы егілгені туралы айтылмайды. Видео ауруынан айыққан пациенттер өз әңгімелерімен бөлісетін бірқатар роликтер аясында жасалды. Осы сериядағы басқа да видеолар түсірілген, мысалы, Пресвитериан ауруханасында жүрек трансплантациясы жүргізілген өрт сөндіруші туралы.
Сондай-ақ аурухана сайтында күрделі диагнодар қойылған науқастардың да оқиғалары жазылған. Мысалы, жүрегінде саңылауы көп болып туылған немесе жүректің жартысымен ғана туған балалар туралы оқуға болады. Пресвитериан ауруханасында екеуіне де көмек көрсетілді.
Мұндай әңгімелер аурулардың жарнамасы емес, керісінше, әртүрлі ауруларға шалдыққан адамдарға қолдау көрсетіп, жазылып шығуға үміт ұялатады. Сондай-ақ бұл видеолар мен мақалалар адамдарға қазіргі заманғы медицина бұрын өлімге әкелген диагноз қойылған науқастарға көмектесе алатындығын жеткізеді.
Миокардит – бұл жүрек бұлшықетінің қабынуы. Ол вирустық инфекциялардан, ағзадағы ауыр қабыну процестерінен немесе кейбір дәрі-дәрмектен болуы мүмкін.
COVID-19-ға қарсы вакцинация нәтижесінде миокардит өте сирек кездеседі. Көп жағдайда, вакцинациядан кейін миокардит дамыған адамдар тез қалпына келеді және толық жазылып шығады, ауру салдары болмайды. Сондай-ақ COVID-19 жұқтырған жағдайда асқынулардың ықтимал қаупі осы ауруға қарсы вакцинаға жағымсыз реакциялардың пайда болу ықтималдығынан едәуір жоғары екенін атап өткен жөн.
Таралған видео миокардиттің жарнамасы емес. Бұл Нью-Йорк Пресвитериан ауруханасының пациентінің әңгімесі. Онда миокардит COVID-19 қарсы вакцинадан туындады деп айту негізсіз, өйткені видеода бұл туралы ештеңе айтылмаған. Миокардит вакцинацияға жағымсыз реакция ретінде өте сирек кездеседі, ол әдетте тиісті ем қабылдаған кезде тез және асқынусыз өтеді.