Fake News

Дәлелсіз: «Жарты жылдан кейін әлемде ауқымды азық-түлік дағдарысы болады»

Қазақстандықтар Рокфеллер қорының президенті Раджив Шахтың жақында Bloomberg-ке берген сұхбатында ықтимал азық-түлік дағдарысы туралы мәлімдегені жайлы жаңалықпен бөлісуде. Кейбір пайдаланушылардың пайымдауынша, Шах осылайша Клаус Швабтың бүкіл әлемде аштық жариялап, адамдарды құрт-құмырсқамен тамақтандыру жоспары туралы ескерткен. Бұл жалған.

Раджив Шахтың сұхбаты Bloomberg-те осы жылдың 22 сәуірінде шықты. Ол кедей елдерде Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан ауқымды азық-түлік дағдарысы басталуы мүмкін екенін айтты. Шахтың сөзінше, әскери қимылдар Ресей мен Украинадан астық, жүгері, күнбағыс майы және басқа да өнімдердің экспортына қауіп төндіреді, бұл әлемдік нарықта сатылатын жалпы азық-түліктің 10% құрайды. Алайда, ол дағдарыстың басталу мерзімін атаған жоқ, сондай-ақ, оның сөзі оқиғалардың бұлай өрбуінің алдын алуға арналды. Ол кедей елдердің борыш ауыртпалығын жеңілдетуге және жедел жәрдем көрсетуге шақырды және «бұл стратегиялар бұрын қолданылған және жұмыс істеген» деп мәлімдеді.
Шах өзінің сұхбатында Дүниежүзілік экономикалық форум туралы да, Клаус Шваб туралы да айтқан жоқ. Демек, оның сөздерінен белгілі бір контекст іздеу негізсіз.
Клаус Шваб аштық ұйымдастырып, адамдарды жәндіктермен және құрт-құмырсқамен тамақтануға мәжбүр етеді деген теориялар конспирологиялық болып табылады. Бұған дейін оларды Reuters және Full Fact порталдарының фактчекерлері жоққа шығарған.
ДЭФ ресми сайтында жеуге жарамды шыбын-шіркейді ас мәзіріне енгізуді қолдаған видео мен мақалаларды оқуға болады. Бірақ олардың бірде-біреуінде мәжбүрлеу туралы жазылмаған. Сонымен қатар, сайтта бұл жағдайдың себептері нақты көрсетілген: ет тұтынуды төмендету қоршаған ортаға оң әсерін тигізеді және климаттың өзгеруін баяулатады, себебі мал шаруашылығы парниктік газдардың ең үлкен көзінің бірі болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, біріншіден, Раджив Шах азық-түлік дағдарысының басталу мерзімі туралы айтқан жоқ және оны болдырмауға шақырды деуге болады. Оның сөздерінің астарында ешқандай мағына жоқ. Екіншіден, ДЭФ жаһандық ашаршылық ұйымдастыруды жоспарлап отыр деген теориялар конспирологиялық және бірнеше рет теріске шығарылды. ДЭФ та адамдарды жәндіктер мен құрт-құмырсқадан тұратын рационға ауысуға мәжбүрлемейді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button