Фейк: «Смартфондарға WhatsApp арқылы қауіпті вирус таратылады»
Қазақстандықтар бірнеше секундтың ішінде банктердің мобильді қосымшаларын бұзып, барлық шоттардағы ақшаны иемденуге мүмкіндік беретін жаңа компьютерлік вирус туралы ескертуде. Ол «Путин мен Қадыровтың әңгімесі» деп аталатын аудио файлды жүктеу арқылы таратылады. Бұл ескі фейк.
Желінің орыс тілді сегментінде банктердің қосымшаларын бұзатын вирус туралы хабарлама 2017 жылы таратылған болатын.
Алайда, вирусты аудио файл түрінде таратқан кибер алаяқтардың адамдардың шоттарындағы ақшаны иемденді деген бірде-бір ақпарат болған жоқ.
Мамандардың хабарлауынша, аудио файлда «жасырылған» және смартфонның операциялық жүйесін ғана емес, сонымен қатар банктік қосымшаның кодын да бұза алатын зиянды код жасау мүмкін емес. Біріншіден, қазіргі заманғы операциялық жүйелер шабуылдардың жанама түрлерінен жақсы қорғалған, екіншіден, мобильді банктік қосымшалар үшінші тұлғаларға шот иесінің келісімінсіз ақшаны иемденуге мүмкіндік бермейтіндей қорғалған. Алаяқтар, банктік қосымшаның логині мен паролін алдау арқылы білуі мүмкін, бірақ бұл шот иесінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Кейіннен 2019 жылы аудио жазба туралы хабарламаға жаңа ақпарат қосылды. Онда зиянкестер былай деп жазған: «Фотоға қарап, бізді есіме аламын», ал төменде суретке сілтеме болады. Пайдаланушы ол бойынша өтіп, жинаған қаржысынан айырылуы мүмкін.
Хабарламаға сенуге еш негіз жоқ. Бірінші жағдайдағыдай, мұндай хакерлік шабуылдың ықтималдығы өте аз, өйткені операциялық жүйелер де, банктердің қосымшалары да қорғалған. Бірақ белгісіз біреу жіберген қосымшаны жүктеу арқылы компьютер вирусын «енгізу» әбден мүмкін. Бұл вирустың банктік шотты бұзуы мүмкін емес, бірақ смартфонның жұмысын баяулатып, бүлдіреді.
Демек, қазақстандықтардың шотынан ақша ұрлайтын қауіпті вирустар туралы ақпарат – Рунеттен келген ескі фейк. Оған сенудің қажеті жоқ.