Halyk Bank: біз сыйақы үшін сауалнама жүргізбейміз
Instagram пайдаланушыларында стористе «Halyk Bank сауалнамадан өткеніңіз үшін ақша береді» деген жарнама шығып тұрады. Онда банк бөлімшесінің суреті, логотипі және корпоративті түстер қолданылған.
«Біз әр картаға сауалнамадан өткеніңіз үшін 500.000 теңгеден аударамыз», – делінген хабарламада.
Stopfake редакциясы банктің баспасөз қызметіне хабарласты. Қаржы мекемесінің мәлімдеуінше, банк ешқандай акция өткізбейді және клиенттерді кибералаяқтардың айла-амалдарына бой алдырмауға үндейді.
«Бұл алаяқтардың іс-әрекеті, біз мұндай байқау өткізбейміз және бұл туралы өз клиенттерімізге үнемі ескертіп отырамыз», – деп түсіндірді Halyk Bank өкілдері.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін:
1. Кибералаяқтардың сізді алдауына жол бермеңіз – оңай жеңіске жету немесе тиімді сатып алудың күдікті ұсыныстар туралы жалған хабарламаларға сенбеңіз.
2. Есіңізде болсын: Халық банкі және Халық тобының басқа банктері ешқашан өз клиенттерінің арасында ақылы сауалнама жүргізбейді және басқа интернет-сайттар арқылы ешқандай клиенттік деректер жинамайды.
3. Жеке деректеріңізді – Интернет-банкингке кіру үшін логин мен парольді, ұялы телефонның сенімді номерін, сондай-ақ банктік карталарыңыздың деректемелерін (карта номері, ұстаушының аты-жөні, картаның жарамдылық мерзімі және CVV/CVC) құпия сақтаңыз және ешкімге айтпаңыз.
4. Бейтаныс номерлерден келіп түскен телефон қоңырауларына сенбеңіз, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған тұлғаларға — банктен келіп түскен смс растау кодтарын айтпаңыз. Банк қызметкерлері бұл деректерді телефон арқылы сұрауға құқысыз.
5. Сатып алу жүзеге асырылатын сайттардың интернет-мекен жайларын тексеріңіз. Есіңізде болсын: алаяқтар кез келген интернет-сайтты дәлме-дәл көшіре алады, оны түпнұсқадан ажырату қиынға түседі. Түпнұсқа сайт пен оның кшірмесінің айырмашылықтар сайттың интернет-мекен жайында байқалмайтын бір таңбада болуы мүмкін – мысалы, нүкте немесе сызықша артық болады немесе жетіспейді.
6. Карточкалық және ағымдағы шоттарыңыздағы транзакциялармен байланысты көмекті қабылдамаңыз. Егер банк сайтының түпнұсқалығына немесе электрондық поштаңызға келіп түскен банк сауалдарына қатысты күдік туындаса, 8 8000 8000 59 номері бойынша банктің байланыс орталығына хабарласыңыз.
7. Жеке құжаттарыңыздың скан-көшірмелерін немесе фотосуреттерін, банкомат чектерін және т. б. ешкімге жібермеңіз.
8. Егер өздерін банк қызметкерлері деп таныстырған адамдар асығыс болса немесе бұл мәселеде ерекше табандылық танытса, сақ болыңыз: бұл алаяқтар болуы мүмкін.
9. Кибер-алаяқтарға қылмыстық жоспарын жүзеге асыру үшін бірнеше санды білсе жеткілікті екенін ұмытпаңыз, және сіз бұл сандарға мән бермеуіңіз мүмкін.
10. Есіңізде болсын: сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіз өзіңіздің қолыңызда және сенгіштігіңіздің немесе ұқыпсыздығыңыздың нәтижесінде ақшаңызды алып, ізін суытқандарды іздегеннен гөрі кез келген қылмыстың алдын алу оңай.