Fake News

Дәлелсіз: «Кастор майы денені тазартады»

Instagram әлеуметтік желісінде кастор майының қасиеттері туралы айтылды. Бұл табиғи құрал токсиндер мен қалдықтарды шығаруға көмектеседі, тамырларды, лимфа мен ішкі мүшелерді тазартады екен. Осындай пост авторларының бірі кастор майын қолданғаннан кейін анасының есту қабілеті жақсарғанын айтқан.

Кастор майы үпілмәлік өсімдігінен алынады. Бұл рицинол, линол және олеин қышқылдары триглицеридтерінің қоспасы. «Кастор майы» атауы ағылшын castor oil сөзінен шыққан және үпілмәлік өсімдігінің castor plant атауымен байланысты.

Бұл майдың тарихы терең. Ол Рим империясында, Ежелгі Египетте және Үнді мұхитының бүкіл жағалауында қолданылған. Кастор майының көмегімен жәндіктермен күресіп, шамдарға май жасаған, ал әйелдер сұлу болу үшін оны теріге жаққан. Тарихшылардың айтуынша, кастор майының отаны Африка. Ол жаққан май Үндістанға, содан кейін Латын Америкасына жеткен. Кейін кастор майы Еуропа мен Ресейге таралады. Еуропалықтар онымен станоктар мен зауыттың жабдықтарын майлаған, ал Ресейде май шамдарға құйылған.

Бүгінде кастор майы дәстүрлі және халықтық медицинада, сондай-ақ сабын, лак және бояғыштар, майлау материалдары мен гидравликалық сұйықтықтар өндірісінде көп қолданылады.

Кастор майы шашты нығайту құралы ретінде қолданылады. Бірақ оның әсерін растайтын зерттеулер жоқ. Сондай-ақ, бұл май бірқатар майлар мен бальзамның, соның ішінде Вишневский жақпасының құрамында болады.

Кастор майы іш қатуды емдеу үшін де қолданылады. Оның құрамындағы негізгі белсенді зат – рицинол қышқылы – ішектегі рецепторларға әсер етеді, бұл оның қатты жиырылуына және тез босатылуына әкеледі. Бұл іштің жүруіне көмектеседі. Сондықтан кастор майын ішекті тексеретін кезде немесе операцияға дейін береді.

Кастор майы әлі де іш қатуға қарсы пайдаланылады, көп жағдайда дәрігерлер әлдеқайда қауіпсіз іш жүргізетін дәрілерді қолданғанды жөн көреді. 10 жасқа дейінгі балаларға іш қату кезінде кастор майын қолдануға болмайды.

Чикагодағы медицина ғылымдарының докторы Катрина Маттингли кастор майы ағзадан токсиндерді ғана емес, сонымен қатар калий мен хлорид сияқты маңызды дәрумендер мен минералдарды кетіретінін атап өтті. Бұл олардың тапшылығына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, кастор майын тұрақты және шамадан тыс қолдану ішектің дағдылануына әкелуі мүмкін, бұл оның табиғи жұмысын қиындатады және сыртқы әсерлерге тәуелді етеді.

Кастор майы жағымсыз жанама әсерлер де тудыруы мүмкін. Іштің ауыруы, құрысулар, жүрек айнуы және диарея. Оны қолданғаннан кейін әлсіздік болуы ықтимал. Егер кастор майын үнемі ішсеңіз, ағзаның сусыздануы және диарея болады.

Кастор майы ағзаны барлық деңгейде тазартады деген миф оның іш жүргізетін әсеріне байланысты пайда болды. Шын мәнінде, ол мүшелерді, лимфаны, тамырларды тазартпайды. Оны үнемі қолдану ағзаның сусыздануына және маңызды дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігіне әкеледі. Интернеттегі ақпаратқа сенбеңіз, денсаулығыңызды сақтап, ауырғанда дәрігерге жүгініңіз.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button