Алаяқтық

Полицейлер су тасқынынан зардап шеккендерге интернет-алаяқтық схемасы туралы ескертті

Алаяқтар туралы ескерту Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендердің WhatsApp чаттарында жарияланды. Адамдардың айтуынша, өтемақы алатындарға мемлекеттік органның атынан қоңырау шалып, SMS-тегі кодты айтуды сұрайды. Бұл су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тізімде бар-жоғын анықтау үшін қажет екен. Ал шын мәнінде, алаяқтар осылайша оның атына банктен несие алады.

ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми ресурсы бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің ақпараты бойынша облыс аумағында мұндай фактілер әлі тіркелмеген.

«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы құпия деректерді айтуды талап етпейді. Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері тек ресми тәртіппен ғана шешіледі: жеке барып, немесе ресми веб-ресурстарды пайдалана отырып. SMS-пен келетін кодтарды ешкімге айтуға болмайды. Күмәнді сілтемелер арқылы кірмеңіздер – телефонға қауіпті вирус кіріп, алаяқтар оның иесінің атынан банктік операциялар жасау мүмкіндігіне ие болады», – деп ескертеді полиция қызметкерлері.

Тәртіп сақшылары адамдардан қырағы болып, құпия деректерді сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button